Bugin

Министр: «Бір-бірімізге дайын сұрақтар қойғанымыз ұят»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Семей тұрғындарымен кездесуде алдын ала дайындалған сұрақ қоймауын өтінді, деп хабарлайды Bugin.kz тілшісі Arnapress.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу балалар мен жастардың шығармашылық сарайында өтті. Министр ведомствоның атқарған жұмысы мен болашаққа жоспарлары туралы айтып берді. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің басшысы қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

Кездесу барысында министрге мектеп кезінде қандай үйірмеде оқығаны туралы сұрақ қойылды. Бұған жауап ретінде Асхат Аймағамбетов оған алдын ала дайындалған сұрақтарды қоймауды сұрады.

«Мұндай сұрақтар қойылмауға тиіс. Біз жаңа Қазақстан, әділ Қазақстан құрып жатырмыз дейміз. Бұл, ең алдымен, білім беру саласынан басталады. Сол үшін бір-бірімізге дайын сұрақтар қойғанымыз ұят. Сіздің кез келген сауалыңызға жауап беруге дайынмын. Проблемалы сұрақтар болса, айтыңыз. Осы мәселелерді талқылап, шешімін табуға тырысамыз. Материалды-техникалық базаға қатысты, оқулықтар, оқу бағдарламалары, аттестаттау бойынша көптеген мәселе бар. Егер сіз соларды бізге қойсаңыз - біздің сапардағы ашық сөйлесу деген мақсаттың орындалғаны», – деді министр.