Bugin

Бағбандар сұраныстың жоқтығынан алманы далаға тастап жатыр - Мәжіліс депутаты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Фахриддин Қаратаев отандық бау-бақша шаруашылығындағы проблемаларды атады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Кейінгі жылдары оңтүстіктегі бау-бақша шаруашылығына үлкен мән беріліп отыр. Өңірдің табиғи-климаттық жағдайы тамаша бақша өсіруге, елімізді жемістермен толық қамтамасыз етуге, ал артығын экспорттауға мүмкіндік береді. Түркістан облысындағы бау-бақша 17,7 мың гектарды алып жатыр, оның 4,7 мың гектары – алма бақтары, бұл жалпы еліміз бойынша бау-бақша алаңының 43 пайызын құрап отыр. Қазақстанда былтыр алма ағаштары жақсы өнім берді, алайда оның басым бөлігін өткізуге қатысты үлкен проблемалар болып, ағаш басында жиналмай қалып қойды. Негізгі мәселе - сауда желілері мен делдалдар ұсынатын сатып алу бағаларының төмендігі. Бір келісі 100-150 теңге. Сондықтан, бақшаның бір бөлігін жинау экономикалық тұрғыдан тиімсіз, өйткені шығындар кірістен асып түседі», - деді Ф. Қаратаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің атына жолдаған сауалында.

Оның пайымынша, өнімнің бір бөлігін Беларуське немесе Ресейге экспортқа жіберу осы тығырықтан шығу жолы болуы мүмкін. Еуразиялық экономикалық одақ бойынша солтүстік көршілерде жемістерге сұраныс бар және олар бір келісіне ең аз дегенде 300 теңге төлеуге дайын.

«Бірақ елімізде бұл саладағы тағы бір проблемаға тоқталсақ, дайындау және өткізу жүйесінің болмауынан жемісті тиеп, жөнелтуге айтарлықтай кедергі келтіреді. Ал ішкі нарықтағы алма өсірушілер сауда желілері артықшылық беретін импорттық өнімдермен бәсекелесуі керек. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер бақша егуге және күтіп ұстауға қомақты қаражат жұмсап, өсірілген дайын өнімді полигонға тастауға мәжбүр», - деді депутат.

Осы орайда ол алма экспортына жағдай жасауды сұрады.

«Сауда желілерінің сөрелерінде отандық өнімге басымдық беру мәселесін пысықтау маңызды. Ынталандыру шараларын қамтамасыз ету керек. Ірі қалаларда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімдерін делдалдарсыз тікелей сата алатын көтерме сауда орындарын қамтамасыз ету қажет. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен қайта өңдеушілер үшін интернеттегі электрондық сауда алаңын іске қосуды сұраймыз», - деді Фахриддин Қаратаев.