Bugin

"Мен бұл өмірге ақша тауып кредит төлеуге келген жоқпын"

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Бай мемлекетте кедей өмір сүру мүмкін емес»: Танымал кәсіпкер Көңілбай Шүкенов сырттан қарыз ала беретін үкіметті сынады.

Белгілі кәсіпкер, танымал меценат Көңілбай Шүкенов қарыздың  үстіне қарыз ала беретін министрлерді сынады. Оның сөзінше, бай мемлекет алушы емес, керісінше сыртқа қарыз берушілердің қатарынан көрінетін уақыт әлдеқашан жетті. Байлыққа толы кең өлкеде азғана халықтың кедей өмір сүруі мүмкін емес деп санайды ол.  

«Мынадай бай мемлекетте, жер көлемі бойынша әлемдегі 9-шы орында тұрып, ата-бабамыздың қанымен, жанымен келген жерде 19-20 млн адам тіршілік ете алмай, кедейлердің көп болуы миға сыймайтын нәрсе. Кез келген жобаны бастап,  іске асыру үшін биліктегілер сырттан қарыз алуға құмар. Қарыз халқымыздың, кейінгі ұрпағымыздың мойнында да мәңгі қалады. Неге біз үнемі біреуден қарызға ақша алуымыз керек, осындай байлықтың үстінде отырып. Біз керісінше берушілер қатарынан болуымыз керек қой. Осының бәрін қарасаң жүрегің ауырады. Бай мемлекетте кедей өмір сүруіміз мүмкін емес. Министрлікте жүргенде мұнай, алтын, ураннан, осми, рении, өзгеде байлықтан түсетін ақшаны мың рет есептедім», -деді Көңілбай Шүкенов. 

bugin.kz

bugin.kz
bugin.kz

Сонымен қатар ол елді үміттендіріп қоятын түрлі мемлекеттік бағдарламаларды да сынға алды. Оның сөзінше, миллиардтар бөлінетін бағдарламалар шынайы жұмыс істегенде проблемалар әлдеқашан шешілер еді. Жеңілдікпен баспана да, көлік мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр.

«20-30 жылда қазақтың баспанасы қаржы жүйесін басқарып отырғандардың қолдарында болады. Математикалық схемамен есептесеңіз, сіз несиеге алған үйдің құнын 15-20 жылда  банкке  екі еселеп қайтарасыз. Қандай да бір жағдайлармен несиені төлей алмай қалса, алғашқы жарна да, ай сайынғы төлем де күйіп кетеді. Үйді де тартып алады. Мысалы, 35 млн-ға үй аласың, 81 млн теңге қылып қайтарасың. Ол үшін айлық табыс  600 мың теңгеден асуы керек. Ондай адамды қайдан табасың? Ондай айлығы бар адамдар банкке бармай ақ баспана сатып ала алады ғой. Осы жерде, сұрақ туады. Осындай бағдарламада банктерге халықты тонауға кім рұхсат береді? Неге біздің бағдарламамыз тек солардың ережесімен құрылуы керек? Неге солардың ғана айтқаны болу керек? Халықтың мүддесін қорғайтын бір бағдарлама бар ма? Мәселен, 20  млн теңгенің үйін алар кезде, оның алғашқы жарнасы ретінде 5 млн теңге төледіңіз дейік. Бірақ банк қалған 15 млн теңгеге  емес, толық 20 млн теңгеге пайыздық үстеме қосады. Бұндай әділетсіздікті бірде-бір заңгер, халыққа жаны ашитын бір депутат, жайшылықта көпіре сөйлейтін мұсылмандардың ішінен біреуі шығып айтты ма?», - деді ол. 

bugin.kz

bugin.kz
bugin.kz

Халық алтын уақытын тек несие төлеуге жұмсап жатыр. Жастардың жастық шағы тек қана банктің алдындағы қарыздарын өтеумен өтіп жатыр. Ел тұрғындары шығайы өмір сүріп жатқан жоқ. 

«Көп мәселені көтерсең, жобаларды ұсынсақ қоғам ондай адамдарды теріс қабылдайды, «қорытпайды». Дайын емес. Өйткені қоғамның қозғаушы күші адамдарды креативті ойлауға дайындамаған. Ел адамдары шынайы өмір сүріп жатқан жоқ. Біз қазіргі уақытта ақша тауып, банктерді байыту үшін өмір сүріп жатырмыз. Мен дүниеге ақша тауып, нәсие төлеу үшін келген жоқпын. Қазақтар дүниеге несие төлеу үшін келген сияқты. «Деньги сопутствующий атрибут достижение цели» деп айтар едім. Ол мақсатқа барар жолдағы құрал ғана. Басқа пайдасы жоқ. Біз ақшаны табу үшін, дүниедегі ең қымбат 8 сағат уақытымызды жібереміз. 8 сағат уақыт деген дүниедегі сіздің ең қымбат уақытыңыз. Таңертеңнен кешке дейінгі уақыт.  Сол уақытыңызды сіз ақша табуға жұмсадыңыз дейік. Айдың соңында айлық аласыз. Бірақ жалақыңыз үй мен көлік алуға жетпейді. Неге? Өйткені сізге жетпейтіндей қылып есептеп қойған. Сіз несиеге кіруіңіз керек. Банкке барып несиемен үй алғаннан кейін, жасыңыз 25-те болса, төлеп біткен кезде 50 жасқа келесіз. Сонда үйді төлеп біткен кезде, жалындаған жастық шағыңыз өтіп кетеді. Одан кейін айнаға қарасаңыз сіз мүлде басқа адамды көресіз. Біз бұл дүниеге несие төлеуге келдік пе? Өмір сүруге келдік пе?», - деді «Асыл адам» қайырымдылық қорының негізін қалаушы К.Шүкенов.