Әлем

Зілзаладан зардап шеккендерге Қазақстаннан Түркияға 100-ге жуық киіз үй жеткізілді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

6 ақпанда жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияның Қахраманмараш қаласында қазақстандық алғашқы киіз үйлер тігіле бастады. Бұл жөнінде Нұрбек Бекбау өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

 

Қазақстаннан Түркияға 100-ге жуық киіз үй жөнелтілген, оны сатып алу үшін белсенділер 20 миллион теңге жинады. Табиғи апат салдарынан баспанасынан айырылғандарға арналған киіз үйлер бірнеше күн бұрын Түркияға әкелінген. 13 ақпанда елге Қазақстаннан тағы 84 киіз үй жеткізілмек.

Нұрбек Бекбау өзінің Түркияға бірнеше күн бұрын елімізден шыққан 12 еріктімен бірге келгенін айтады.

"Елімай" футбол клубының атынан Түркияға тағы бір киіз үй жеткізілді. Қазақстандықтар киіз үй сатып алу үшін 20 миллион теңгеден астам қаражат жинады. 17 млн теңгеге 45 киіз үй сатып алынды. Қалған қаражат тұрмыстық заттарды сатып алуға жұмсалды. Қазақстандық кәсіпкерлер де көмектесуге бел буып, қазірдің өзінде 50-ге жуық киіз үй сатып алып қойған", - дейді Бекбау.

Қахраманмараш қаласында күн қатты суытып кеткенін айтқан журналист жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтарға жылытқыш құралдары, кемпинг көрпелері мен электр плиталары қажет екенін жеткізді.

Соңғы мәліметтер бойынша, Түркияда жер сілкінісі салдарынан көз жұмғандар саны 30 мыңнан асты. Қазір елде іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.