Bugin

"Елшілікке дерек беруден бас тартты": Кореяда 3 қазақстандық қамауда отыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Оңтүстік Кореяда жалған құжат жасады деген күдікпен 3 Қазақстан азаматы ұсталды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Корея Республикасы Көші-қон қызметінің мәліметінше, 12 ақпанда Қазақстанның 3 азаматы ұсталған. Екеуі қамауға алынды, ал үшіншісінен елден кетпеу туралы қолхат алынды. Қылмыстық іс жергілікті прокуратураға жіберілді, - деді ол СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ресми өкіл 3 азаматтың қандай күдік ілінгенін де атап өтті.

Күдіктілер босқын мәртебесін алу үшін жалған мәліметтер құрастырды және әлеуметтік желілер арқылы құжаттар дайындады деген күдікке ілінген. Олар мәліметтерді шетелдіктер мен Қазақстан азаматтары үшін дайындаған. Тергеу барысында Кореяда тұратын бірқатар шетелдіктің босқын мәртебесін алу туралы жалған өтініш бергені анықталды, - деді Айбек Смадияров.

Ал Корей тарапы Қазақстан елшілігіне қылмыстық іске қатысты деректерді бермеген.

Дербес деректі қорғау туралы заңына сәйкес, Оңтүстік Кореяның құқық қорғау органдары ұсталғандар туралы дербес дерек пен өзге де ақпаратты Қазақстан елшілігіне беруден бас тартты. Ұсталған Қазақстан азаматтары Сеулдегі елшіліктен көмек сұрамаған әрі елшілік қызметкерлеріне ақпарат берген жоқ, - деді ол.