Weekend

Қазақ жастары 10 жылдан кейін топ жарса, таң қалмаңыз!

Тек қай елде топ жарады?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазір аумалы-төкпелі заман. Бұл заман бәз бір елдердің тарихында өтпелі кезеңімен есте қалған да болар. Алайда, Қазақстан үшін қазір бұл үлкен бір кезең ретінде көрініс бере бастады.

Жемқорлық жайлаған қоғамда кімнің қалтасы қалың соның бағы жанып-ақ тұр. Ал, қарапайым шаруаның баласы әлеуметтік мәселесін шеше алмай отыр. 

Қазір Қазақстанда кәсіп ашуға немесе жаңалық ойлап табуға жастар жең түріп кірісе бастаса: «Ақшаның бәрі шетелде, АҚШ пен Еуропаға кет!» деп, айтақ салатындардың да қатары көбейді. Жаны ашыған адамның сөзі емес бұл.

Орыстың «Стартап» деген фильмін қарап отырсаңыз да, «Пирамммида» фильмін қарасаңыз да, бәрінің астарында үлкен идеология жатыр. Негізгі құндылық пен еңбектің жемісі орыс жерінде қалу керек деген тәмсіл бар. Ал бізде ше?

Біз өз елімізді өзіміз төмендетіп, тек асқақ аты мен жалған ұран үшін атойлап әлекпіз. Арамызда шынайы істің жанашырлары мен ғалымдар жүр. Оларға салса, ғылым емес, жеке бастың әлеуметтік мәселесін шешу керек. Шындығында, аш бала тоқ баламен ойнай алмайды. Ақшасы жоқ, күйі жоқ адамның ғылымнан нәтиже шығаруы мүмкін бе? Ең сорақысы, сенің орныңды, сенің грантыңды, сенің үмітіңді бәз біреу оп-оңай тартып алса, не істемек керек?!

Иә, үмітсіз шайтан деген бар. 10 жылдан кейін қазақ жастары әлемде топ жарып жатса, таң қалмаңыз! Тек...

Тек олардың өндірген өнімдері, ашқан жаңалықтары «Made in Kazakhstan» болмайды. АҚШ немесе Еуропа болып жатса қайтеміз?

Шындығында, тоқ бала аш баланың еңбегін тартып алғаннан кейін немесе оның жүлдесін жұлып алғаннан кейін, аш бала елдегі мәселеге ат үсті қарай келіп, басқа жақтан нәпақа тапқысы келеді. Шетелдік компаниялар ұсынған түрлі бағдарламалар арқылы грант ұтып алып, сол елге сапар шегеді. Білім жетілдіреді. Елдегі жемқорлық, әлеуметтік проблеманы көріп, қайтып келуге және өнімін өзінің отанына ұсынуға қорқады. Осыдан кейін ол барынша жағдай жасау үшін сол елде өнімін өндіре бастайды. Ал оның өнімін өндіруге кім, қай мемлекет көмектеседі, кім инвестор болады соның сөзі жүреді. Иә, артында «бұл өнімді ойлап тапқан қазақ баласы» деген атақ жүретін шығар, бірақ ол қазақ еліне тәуелді бола алмай қалады.

Өзге елден барып білім алып қайтқан шәкірттің елге оралған кездегі жалақысы өзі ойлағаннан әлдеқайда төмен болса, оның келмек түгілі алған білімін сарп етуге құлқы жоқ. Соңғы статистика елден кетіп жатқандардың саны артқанын айтады. Мұның бәрі жеке қалаудың емес, мемлекеттегі жемқорлық пен әлеуметтік теңсіздік мәселесінің берген кері әсері.

«Қазақ баласы Google компаниясында жұмыс жасайды», «қазақ баласы АҚШ-та кәсіп ашты», «Қазақ баласы...» дәл осындай тақырыпта соңғы кездері түрлі ақпарат ағыны ағылып жатыр. Қуанарлық жағдай, дегенмен, неге олар Қазақ жерінде сол кәсіпті ашпады немесе неге сол брендті осы елде дамытпады. Мәселе осында.

Түйінін айтқан кезде, қазақ баласында ақыл да, сана да бар. Оның да ғылым мен білімге қосатын үлесі көп. Тек жағдай жасап бере алмай отырмыз. Біздің қолдан тек оларды шетке қуу мен шеттен білім алуға ғана қауқарымыз жетіп отыр. Ел ішіндегі жасалып жатқан мемлекеттік бағдарламаларды жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, бұл қазіргі аумалы-төкпелі заманда аздық етеді.

Түбі жеміс бермейтін ағашты бағыбан ешқашан отырғызбайды. Ол шынымен нәтиже алғысы келсе, байқайды, көреді, түсінеді. Ал нәтиже жоқ болса, далаға шашылуды жөн көрмейді. Дәл сол секілді, жеміс беруге дайын тұрған өнімдерді қолдау, оларға барынша мүмкіндік беру қазіргі басты талап.

Мемлекет үшін бәрін басқаруда ұстау, бәрін тек мемлекет аясындағы биліктің режиміне байлап қою жеке адамның және жеке кәсіпкердің тынсын тарылтады. Оның жұмысқа да, елге де еңбек ету күші азаяды. Еркіндік беру арқылы адамның қай жерге бара алатынын көруге болады.

Өнім өз нәтижесін берген кезде мемлекет тікелей қолдау көрсете отырып, оның әлемдік нарыққа шығарып жіберсе, аты да, заты да Қазақстанның өнімі болып қала береді. Бұдан жеке адам да, мемлекетте ұтылмайды. Пайда екі жаққа да келеді. Ал пайда көп болған сайын, мемлекет қазынасы баланс ұстаған сайын елдің жағдайы да, әлеуметтік мәселесі де шешілетін болады.

Адам белгілі бір мүдде жолында жүрген кезде ғана адаспайды. Атақты да, байлықты да алады. Тек ол мүдде мемлекеттің болашағы үшін деген шеңберден шығып кетпеуі керек.

Қоғамда аты бар, артынан ел ерте білетін жеке тұлғалардың көңіліне немесе солардың ғана атақ-абыройына қарай беруді тоқтау керек. Ешкім танымаса да, ойы қымбат тұратын адамдардың бәсін арттыру маңызды. Әйтпегенде, жарқырап жүрген жұлдыз біткеннің бәрі бір күнде сөніп қалса, жағдайымыз оңалмайды.