ДАМУ

Қадір түнін қалай өткізген жөн?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қадір түні – ислам дінінде Құран кітабы түсе бастаған қасиетті уақыт.

Мың айдан да қайырлы түннің қашан болатыны жайлы екі түрлі риуаят бар. Біріншісінде қасиетті айдың соңғы он күніндегі тақ күндердің бірі деп көрсетіледі. Екіншісінде Рамазан айының 27-түні Қадір түні болуы мүмкін делінеді. Қасиетті түн биыл сәуірдің 17-сінен 18-іне қараған түніне сәйкес келіп тұр. Бұл кеш ауызашар уақытынан бастап бастап таң ататын кезге дейін жалғасады.

Қадір түнін күтудің де әдебі бар. Бұл түнде тек ұйықтамау аздық етеді. Дәрет алып, ниет етіп, барынша дұға тілеген абзал.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):  «Үш адамның дұғасын Алла Тағала кері қайтармайды. Ол: ораза ұстаушының ауызашарда жасаған дұғасы, әділ имам немесе әділ билеушінің жасаған дұғасы, жәбір көрген пенденің жасаған дұғасы. Расында Алла мен осы үшеуінің арасы еш пердесіз, дұғалары жедел қабыл болады» деп айтып кеткен.

Фото: mail.kz

Фото: mail.kz

«Рамазан оразасына қатысты пәтуалар» кітабында бұл түнде оқылуға тиіс дұға жазылған. Айша анамыздан жеткен риуаятта ол былай дейді: «Уа, Алланың елшісі! Мен Қадір түніне сәйкес келіп жатсам, не деп дұға етейін?» – деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сонда былай дейді:

«Аллаһым! Сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің. Менің күнәларымды кеш» – деп айт».

Әрбір адам бұл түнде істеген теріс қылықтары үшін, сонымен қатар адамдар алдында айыбы болса, Жаратушыдан кешірім сұраған жөн. Бұдан өзге өзіңізге, отбасыңызға, туған жеріңізге амандық тілеген абзал. Рухани жан тыныштығы мен ісіңізге береке сұраудан да қысылмаңыз.

Сондай-ақ бұл кезде көбірек жақсы амал істеп қалуға тырысқан жөн. Құран оқып, салауат айтып, Алланы зікір етіңіз. Ізгі ниетіңізбен өз қалауыңызша садақа беру де осы қасиетті түнді пайдалы өткізуге септігін тигізеді әрі сауабы мол істің бірі болып есептеледі.