Білім және ғылым

Қазақстандықтар қай мемлекеттердің университетінде тегін білім ала алады?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Көптеген қазақстандық жастардың жоғары оқу орнын шетелде оқуға қызығушылық танытатыны сөзсіз. Себебі шетелде білім алудың басым артықшылықтары көп. Әлем аралап, көкжиегіңді кеңейткеннен бөлек, жаңа тіл меңгеріп, сұраныстағы маман атануға мүмкіндік аласың. Bugin.kz порталы қазақстандықтарға өз университеттерінде тегін білім алуға мүмкіндік беретін 5 мемлекетті ұсынады.

Чехия  

Чехияда шетелден келген азаматтарға мемлекеттік ЖОО-да тегін білім алуға барлық мүмкіндік жасалған. Тек міндетті түрде чех тілін білуіңіз керек, өйткені сіз жоғары білімді сол тілде аласыз. Білім алу барысында өмір сүруге кететін шығынды өз қалтаңыздан шығарғаныңызбен, үлгеріміңіз жақсы болған жағдайда шәкіртақы иегері атана аласыз.

Германия

Германияда университеттер мемлекет тарапынан қаржыландырылады, сондықтан мұнда білім алу жергілікті әрі шетелдік студенттерге тегін. Студенттер тек семестрлік жарна төлейді. Германияда ақысыз білім негізінен неміс тілінде жүреді, сондықтан университетке түсу үшін тілді C1 деңгейінде білетініңізді растауыңыз керек.

Сондай-ақ DAAD стипендиялық бағдарламасы мемлекеттік жоғары оқу орындарының студенттеріне және докторантураға түсушілерге көмек көрсетеді. Ақылы оқу бағдарламасын таңдағанда, стипендия оқу ақысын жабады. Тегін оқу бөліміне түсу кезінде сақтандыру, жолақы және виза шығындары төленеді. 

Венгрия

Венгрияда жоғары білім алу тегін емес, алайда ТМД студенттері үшін үкіметтің Stipendium Hungaricum стипендиясын алуға әрі сол арқылы Венгриядағы кез-келген мемлекеттік университетте оқуға мүмкіндігі бар. Қаржыландыру GPA негізінде тағайындалады және тек оқу ақысын ғана емес, тұрғын үй, тамақтану және басқа шығындарды да қамтиды. Бағдарламаларды ағылшын және венгр тілдерінде таңдауға болады. 

Түркия

Түркия Республикасы тарапынан бөлінетін «Türkiye Bursları» стипендиялық бағдарламасы Түркияға оқуға түсуді армандаған қазақстандықтар үшін ең тиімді бағдарлама. Стипендия оқу ақысын, бір жыл тегін түркі тілі курсын, ай сайынғы стипендияны, медициналық сақтандыруды екі бағытқа әуе жолы билеттерін, тегін жатақхана мен екі мезгіл тамақты, академиялық / мәдени және басқа қосымша бағдарламаларды қамтиды.

Польша

2020 жылдан бастап Польшада поляк тілінде білім шетелдіктерге C1 деңгейінде емтихан тапсырған жағдайда тегін. Көп университеттерге тек мектеп аттестатындағы бағалар жеткілікті, ал кейбіріне нақты пәндер бойынша емтихандарын тапсыру қажет болуы мүмкін.

Польша мен Қазақстан Үкіметі арасындағы Келісім шеңберінде бакалавриат, магистратура және докторантураға бірнеше грант бөлінеді. Оқыту тілі - ағылшын, поляк. Польшада өмір сүру құны салыстырмалы түрде төмен екенін айта кету керек.

Көпшілік жас үшін шетелдік ЖОО-да білім алу арман болып көрінуі мүмкін. Бірақ көріп отырғаныңыздай, елдің жергілікті тілін меңгеру арқылы немесе бағдарламаларға қатысып көру арқылы өз бағыңды сынап көруге болады.