ДЕНСАУЛЫҚ

Қайтыс болған адамның дене мүшесін рұқсатсыз алуға бола ма?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Адамның дене мүшесін трансплантациялау – ауыр дертке шалдыққан жандардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін медицинаның маңызды саласы. Донорлар осы мақсатқа қол жеткізуде басты рөл атқарады. Қазақстанда бүгінде түрлі ағза трансплантациясын қажет ететін 4 мыңға жуық науқас кезекте тұр. Дей тұрғанмен, ағза доноры болғысы келетін отандастырымыз көп емес. Сол себепті де кезекке тұратындар саны артпаса, азайып жатқан жоқ.

Тіндер мен ағза мүшесін өмір бойына ерікті донорлыққа келісім беру немесе келісімді қайтарып алу тәртібі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің "Денсаулық сақтау қағидаларын бекіту туралы" бұйрығымен реттеледі. Аталған бұйрықтың 4-тармағына сәйкес, келісім бергіңіз келсе немесе кері қайтарғыңыз келсе, өз емханаңызда жасай аласыз. Осылайша, кенеттен қайтыс болған жағдайда, заңнамада көзделген келісім презумпциясы қолданылмайды.

Кім донор бола алады?

Егер қайтыс болған адамның туыстарының немесе донордың келiспегені туралы медициналық ұйымға хабарланбаса, марқұмның дене мүшесінің бөлiктерін алуға болады. Басқаша айтқанда, медицина орталығындағы науқас өмірден өтсе, дәрігерлер оның мүшелерін алып, мұқтаж науқастарға ауыстырып сала алады. 

Кім ағза доноры бола алмайды?

  • 80 жастан асқан;

  • жедел жұқпалы және жұқпалы ауруы болса;

  • бақыланбайтын бактериялы сепсисі болса;

  • ЖИТС-пен ауыратындар және АИТВ инфекциясын тасымалдаушылар;

  • В (HBsAg) немесе С  гепатиті вирусының (анти-HCV) оң маркері болса;

  • ағзалар мен жүйелердің жедел және декомпенсацияланған созылмалы, ошақты және/немесе диффузды аурулары бар қатерлі ісіктері бар адамдар донор бола алмайды.

Айта кету керек, Қазақстанда ересектерге жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безі, балаларда бауыр және бүйрек трансплантациясы жасалады.

Тірі адам қалай донор бола алады?

Адам көзі тірі кезінде жақын туыстарына донор бола алады. Ол үшін жан-жақты медициналық тексеруден өтіп, тіндерді немесе мүшелерді алу жайлы кеңес алу қажет. Бірақ денсаулыққа айтарлықтай зияны болмай, әрі қарай өмір сүре беруі үшін бір бүйрек, бір өкпе немесе бауырының бір бөлігін ғана бере алады.