Bugin

Түркістан арақ-шарапсыз мекенге айналатыны рас па

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Осыдан төрт жыл бұрын Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов "Түркістанды арақ-шарапсыз қалаға айналдырамыз" деп игі бастама көтерген болатын. 

Алайда қоғам арасында "қасиетті мекенде ішімдік сатылмау керек" деп қолдағандар да табылды. Содан бері 4 жыл өтті. Бірақ түркістандықтардан қимыл-қозғалыс байқалмайтындай көрінеді. Көпшілік соған қарап, қарияның бір кездегі сөзі саудасы қызып, қалтасына ақша түсіп тұрған дүкен иелеріне ұнай қоймағанынан деп түйген.

Ал екі жыл бұрын өткен жиында "Түркістан қаласы арақ-шараптан ада, жезөкшесі жоқ шаһар болады" деген бастама көтерілген болатын. Содан бері екі супермаркет, алты дүкен қалада арақ-шарап сатудан бас тартқан.

"Бұл мәселеде әрқайсымыз жауапкершілікпен қарауымыз керек. Осындай бастаманың алғаш болып Түркістан қаласында көтеріліп жатқаны да қуанарлық жағдай" - деп сөзін түйіндеген болатын сол жиында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев.

Бірақ туристер көп келетін облыс орталығы қайта ішімдік көп сатылатын қалаға айналып бара жатқаны аңғарылады. Өйткені жаңа салынған облыс әкімдігі, Конгресс-холл кешені орналасқан Жаңа қала аумағында 11-көшенің өзінде қатарынан орналасқан 7 нысанды кездестіруге болады.

Соған қарап, бұл аумақ ащы суға сылқия тойып жүретіндердің мекені ме деген ой да туындайды. Жұрт төрткүл дүниеден тәу етіп келетін рухани мекенде осындай жағдай болып жатқаны көпшілікті де қынжылтып отыр.