Bugin

Ақмолада із-түзсіз жоғалған жасөспірім табылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: POLICE_of_KZ

Ақмола облысында жоғалған жасөспірім төрт күн өткен соң жазғы лагерь аумағынан табылды. Бұл туралы Bugin.kz порталы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, жасөспірім 7 қыркүйек күні сағат 15:00 шамасында үйінен белгісіз бағытқа шығып кеткен. Ол бұған дейін де бірнеше рет үйден кетіп қалып жүрген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері қаланың бейнебақылау камераларының жазбаларын, қыздың әлеуметтік желілердегі байланыстарын, сондай-ақ жасөспірімнің болуы және баруы мүмкін орындарын тексерді.

"Нәтижесінде жасөспірім Зеренді ауданындағы Мүсірепов атындағы лагердің аумағынан табылды. Қыздың сөзінше, ол бұрын осы лагерьде демалған. Кәмелетке толмаған баланы ювиналдық полиция қызметкерлері мен қамқоршылары Көкшетау қаласына жеткізді. Жасөспірімге қатысты ешқандай заңсыз әрекеттер жасалмаған", - деп түсіндірді ведомство.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында жасөспірім қызға іздеу жарияланғанын жазған едік.