Bugin

Екібастұз тұрғыны қаланы тағы да "жармақ" болды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos.com/ru

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін бұған дейін де жауапқа тартылған ер адам өз қателігінен сабақ алмай, бомба туралы айтып, қайта қоңырау шалған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ол бірінші қылмысын 2019 жылдың мамыр айында жасаған. Сол кезде оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Бірақ қала тұрғыны пробация қызметінің есебінде тұрып, жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзған. Сол себепті бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. 1 жыл 26 күнді, яғни өзінің өтелмеген мерзімін Екібастұз тұрғыны қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өткізді.

Алайда, бостандыққа шыққаннан кейін ер адам осындай қылмысқа қайта барған. Ол өткен жылдың желтоқсан айында полицияға қоңырау шалып, “әкімдік ғимаратында бомба бар” деп хабарлады.

""Мамандар ғимараттан жарылғыш зат таппады. Қажетті іс-шаралар кешенін өткізу нәтижесінде жалған террорист ұсталды. Ер адам өз әрекетін мойындап, туыстарымен жанжалдасып қалғаннан кейін осындай қадамға барғанын айтты", – деп атап өтті Павлодар облысының Полиция департаментінен.

"Телефон" террорисіне қатысты іс Екібастұз қаласының сотында қаралып, ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар мемлекеттік органдарға 200 мың теңгеден астам сомадағы материалдық залалды және сот шығындарын өтеуге тиіс.

Полицейлер еске салып өткендей, Қылмыстық кодекстің 273-бабында терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін 5000 АЕК-ке (17 250 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру/шектеу жазалары көзделген.