Bugin

Алматыда жыл соңына дейін студенттердің білім сапасы мен жатын орнының бірыңғай стандарттары қабылданады

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасына сәйкес, Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасында студенттердің толыққанды жағдайын қамтамасыз ету үшін қалалық оқу орындарында білім беру, тұру және студенттерге қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған әдістемелік ұсыныстар әзірлеу міндеті қойылған болатын.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Динара Нұртайқызы

Аталған бағытта Алматы қаласы әкімдігінің жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Оқу орындарында студенттердің оқу, өмір сүру және оларға қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеу»  жобасы жүзеге асуда. 

Осы ретте, 9 қарашада Алматы қаласында аталған жоба аясындағы алғашқы дөңгелек үстелдің отырысы өтті. Кездесуде үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар қауымдастығы, қоғамдық пікір көшбасшылары, жергілікті депуттар мен университет проректорлары өз ойларын ортаға салып, сарапшылар зерттеу нәтижелерінің аралық қорытындысын талқылады. 

Алматы қаласының мәслихат депутаты Әсия Ақанованың сөзінше, бұл бастама еліміз бойынша алғаш рет Алматы қаласында қолға алынуда. Басты мақсат 35 университет шоғырланған мегаполис үшін ортақ әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу және стандарттарды бекіту.

 «Мысалы, жоғарғы оқу орнында студент үшін қандай жағдай жасалуы қажет? Студенттік жатақхана қандай стандарттарға сай болуы шарт? Мүмкіндігі шектеулі студенттер үшін инклюзивті ортаны қалай қалыптастырамыз деген сұрақтардың жауабын іздеп, біріңғай құжат қабылдайтын боламыз. Жоба нәтижесі сәтті болған жағдайда, бұл бастаманы республика бойынша жүзеге асыруға болады деп ойлаймын. Бастысы университет басшылығы осы әдістемелік ұсынымдарды қабылдауға әзір болуы шарт», - деді депутат.

Айта кетсек, осы уақытқа дейін жобалық фронт-офистің ұйымдастыруымен 40 эксперттің басын қосқан 5 фокус-топ отырысы, 60 респондент арасында анкеталық сауалнама, қазіргі таңда 500 респондентті қамтитын сауалнама жүргізілуде. Алдағы уақытта тағы 4 дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылатын болады.  Бүгінгі күннің өзінде жоба аясында 150-ден астам ұсынымдар келіп түсті.