Bugin

Депутаттар Бишімбаевқа қатысты мәлімдеме жасады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мәжіліс депутаттары әйелдерге қарсы жасалған жеңіл түрдегі зорлық-зомбылықтың өзін қылмыс деп тануды талап етіп отыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.

Amanat партиясы фракциясының депутаттары зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдатуды көздейтін заң жобасын тез арада қабылдау қажет деп санайды. Бұл туралы мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Жемқорлық үшін сотталып, артынан рақымшылыққа ие болған экс-шенеунік өз әйелін өлтірді деген күдікке ілінді" деген жантүршігерлік ашық ақпараттардан қоғам дүрбелеңге түсті. Отбасылық зорлық-зомбылық, қатыгез патриархалдық озбырлыққа шыдамаған әйелдердің жан дауысын еститін және қатаң шара қабылдайтын уақыт жетті деп білеміз", - деп бастады депутаттық сауалын Сүлейменова.

 

Депутат бұған дейін президент отбасында ойран салатындарға қатысты жазаны күшейтуді тапсырғанын еске салды.

Айтуынша, Amanat депутаттары қыркүйекте осы тапсырманы орындау мақсатында балаларға және отбасындағы әйелдерге қарсы жасалатын зорлық-зомбылықты тоқтату үшін "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне" арналған заң жобасын шұғыл әзірлеген.

"Заң тұжырымдамасындағы түзетулер зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде тану, педофилдерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесу, жалпы жаза мен жауапкершілікті күшейту тетіктерін қарастырады. Өкініштісі сол, түсініксіз себептермен заң әлі мәжіліске енген жоқ", - дейді Сүлейменова.

Үкіметтік емес ұйымдардың зерттеулеріне сүйенсек, 2021 жылы үйдегі зорлық-зомбылықтың сотқа тек 40 пайызы жеткен. Олардың тек 39 пайызына ғана 2 сағаттан 3 тәулікке дейін әкімшілік жаза қарастырылған.

"Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтату үшін – адамның ар-намысын құрметтейтін құқықтық мәдениетті жастар арасында қалыптастыру, адамгершілік құндылықтарға негізделген тәрбие беру, моральдық ұстанымды бекіту, жауапкершілікті күшейту, ең бастысы заңдағы жазаны қатаңдату және оның сапалы орындалуын қадағалау шарт. Осыдан тура бір ғасыр бұрын тіпті Алаш зиялылары да қазақ халқының прогрессивті дамуын қоғамдағы қазақ әйелінің ауыр жағдайын шешумен байланыстырды. Қыздарды білімге, өнерге үндеді, отбасындағы жөнсіз қаталдықты, мейірімсіздікті аяусыз әшкереледі. Қазақ әйелдерінің ендігі тағдыры баршамызға тікелей байланысты", -деп атап өтті мәжіліс депутаты.

Осыған байланысты Amanat партиясы фракциясының депутатары бірнеше ұсыныс жасады.

"Әйелдер мен балалар зорлық-зомбылықтың құрбаны болмас үшін тіпті жеңіл түрдегі зорлық-зомбылық қылмыс деп танылуы қажет. Әйел мен балаға зорлық-зомбылық көрсеткендерге аяушылық танытуға болмайды. Ешкімнің әйел адамдарды қорлап өлтіруге қақы жоқ! Қылмыскерге қатаң жаза берілуін талап етеміз!", -деді ол.