Bugin

Абайсызда айықпас дерт жұқтырған адамдардың жан сыры

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos.com

Бүгін дүниежүзілік ЖИТС-қа (СПИД) қарсы күрес күні. Bugin.kz тілшісі оқыс жағдайда АИТВ мен ЖИТС жұқтырған адамдардың оқиғасын ұсынады. Деректер Human Rights Lawyers қорының басшысы Ләззат Рақышеваның әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан жиналды.

"Маған айтпаған"

Жоғары білімді әйелмін. Жақсы жерде қызмет етемін. Жолдасыммен 10 жылдай уақыт бірге тұрдым. Күнде ұрыс, айқай - шу болған соң, ажырасып кеттік. Он жылда көрмеген азабым, қорлығым жоқ...

Жылдар өте келе 2-рет тұрмысқа шықтым. Шыққанымды қайтейін... Ол жігіт ВИЧ ауруымен ауырады екен. Маған айтпаған. Содан қатты күйзеліске ұшырадым. Өзіме қол жұмсауды ойлап, өмірден түңіліп кеттім. Мынадай жағдайдан кейін ол жігітпен тұра алмадым. Өз жөніңмен кет дедім.

Осылай жүргенде ЖИТС орталығында бір дәрігер мен сияқты статусы бар адаммен таныстырды. Сөйлесіп көрдім. Өте салмақты, жақсы адам екен. "Тең теңімен, тезек қабымен" деп бекер айтпаған. Қазір бақытты өмір сүріп жатырмыз.

Менің айтпағым, негізі жыныстық сауаттылықты түсіндіріп, айтып отыру керек. Сонда ғана сау ұрпақ тәрбиелейміз. Негізі бұл аурудың да емі бар. Өмір бақи АРВТ ішесің. Сонымен ғана жүресің. Көбісі оны білмейді. Өзін жалғыз әрі дерт жұқтырған соңғы адам санайды. Ешкімге айта алмайсың. Іштен тынасың... Қазір Аллаға шүкір деймін! Тәубә. Ондағы дәрігерлер психолог екен. Менің таңдауымды дөп басып қайдан білген?! Қазір бақыттымын. Алладан ұзағынан болсыншы деп тілеймін. Қателеспейтін адам болмайды. 

"Өз әйелімнен жұқтырдым"

Көп ойланып, "ешкімге айтпаймын, өлгенде өзіммен кетеді" деп жүрген сырымды жазғым келеді. Мен ер басыммен "неге бұлай болды?" деп еңкілдеп жылап отырмын. Оқыған, жоғары білімді жігітпін. Кезінде спорт шебері, күрестен талай жүлде алған чемпионмын. 90-шы жылдары сол күшімді пайдаланып, рэкет те болғанмын. "Шаш ал десе, бас алатынның" нағыз өзі болдым. Ресей, Қытай, т.б., бармаған жерім жоқ. Қазір танымал кәсіпкермін. Зәулім үй де, машина да, бәрі бар. Тек менде денсаулық жоқ!

Осылай дүниені алшаңдап басып жүргенде жаман ауру жұқтырып алдым. Мен ВИЧ-пін. Ол қайдан келді дейсіздер ғой?! Өз әйелімнен жұқтырдым. Ол жасырған. Айтпаған. Бір күні дәрі ішіп жүргенін көрдім. "Не дәрі?" десем, "менің ана жерім, мына жерім ауырады, соның дәрілері" деп сөзден қашты. Содан ол ішіп жүрген дәріні кейін тексердім. Тексерсем АРВТ деп тұр. Айқай-шу болды. "Неге жасырдың, айтпадың ба?" десем, жылайды. Содан ол кетті. Болары болды ғой деп, тұра берер едім. Ішкілікке салынып кетті. Кешірдім. Алла бәрін көруші. Бәрін бір Аллаға тапсырдым! Ақыры арағын қоймаған соң, ажырастық. Жылдар өтті. Қыз-келіншектер өздері жабысады. Ақшама қызығады. Бойымды аулақ ұстап, қашатынмын. Содан мені "импотент шығар, неге әйтпесе әйелге жоламайды?" деп те өсектеді. Мен ешкімге дертім туралы тіс жарып айта алмадым.

Осылай тірі өлік болып жүргенде, сол СПИД орталығында өзім сияқты бір келіншекпен таныстым. Уақыт өте келе бірге тұра бастадық. Өте жақсы, адамгершілігі жоғары келіншек екен. Оның аяғы ауыр болып, дүниеге сау қыз әкелді. Бірақ омыраумен емізбейсің деді дәрігерлер. Бір жылдан соң қайта сәбиді тексертуге апардық. Бақылауда болды. Дені сау бала! Қуанғанымыздан екеуміз де жыладық. Бәрі Алланың қолында деген рас екен. Осы күніме тәубә, шүкір деймін. Бұл ауру туралы бізде қазақтарда ашып айтпайды. Жасырады. Өзге ұлттар ашық айтып отырады. "Сырын білмегеннің, сыртынан жүр" деп бекер айтпаған.

"Үйленетін болсаң, анықтама алдыр"

Мен бір кезде жұмыс бабымен жүріп, шетелдік азаматпен таныстым. Ол менің қалыңдығым қазақ қызы деп айтты. Мен: "О, бізге куйеу бала боласыз онда", - деп қалжыңдап жүрдім. Олар өз елдеріне кетті. Анда-санда хабарласып тұрды.

Бір күні шұғыл: "Сенімен сөйлескім келеді. Уақытың болса, мені тыңдашы", - деді. Не болды деп, уақыт тауып тыңдадым. Сөйтсе жаңағы қалыңдығы ВИЧ екен. Жұқтырып, ажырасып кетіпті. Ол білмей, бір күні күнге қыздырынып жатса, жағдайы нашарлап, ауруханаға түскен. Қан талдауын көрсеткен. Содан маған айтып жылағанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. "Сенен басқа тірі жан білмейді айналамда. Бұрынғы отбасым, қызметкерлер, бастықтар, достарым білсе, менен теріс айналады. Жұмыстан шығып қалуым мүмкін", - деді. 

Сол адам маған екі ай бойы күніге хабарласып, мұңын айтты. Менен басқа айтатын адамы жоқ болды. Мен жаным ашып, қосылып жылап: "Сіз үшін не істейін? ЖИТС (СПИД) орталыққа хабарлайын ба?" - деп сұрап отырдым.

Оның бұрынғы келіншегі тамаша жерде жұмыс істейді. Өзі әп-әдемі. Сонда таңғалдым. Бұрын АИТВ дегенді бомждар ғана жұқтырады деп ойлайды екенмін. Осыдан соң айналамдарға абай бол деп айтып отыратын болдым. Тексер, сұра, үйленетін болсаңдар, анықтама алдыр деп кеңес беремін.

(Жазба авторларының сөздері редакцияланды)