Bugin

"Қазір менің бөлмемде екеуміз боламыз": 11 жастағы батыр қыз өзін құтқарып қалды (ВИДЕО)

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: бейнебақылау камерасынан алынған скрин. massaget.kz

 

Абай облысында мас ер адам үйіне бара жатқан 6-сынып оқушысын зорламақ болған. Батыр қызға ешкім көмек көрсетпесе де 20 минут табанды қарсыласып, көмекке адамдар келгенше өзін қорғаған. Бұл  туралы Bugin.kz тілшісі Human Rights Lawyers қорының жетекшісі Ләззат Рақышеваға сілтеме жасап хабарлайды.

31 жастағы ер адам сағат 08:49 шамасында өзімен өзі кетіп бара жатқан қыздың артынан барып, оны сүйрелей жөнелген. Бұл бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Ол 6-сынып оқушысын сүйреп бөтен үйдің подъездіне кіргізіп зорламақ болған. Күдікті 11 жастағы қызға "қазір менің бөлмемде екеуміз боламыз" деп айтқан. Қыз арпалысқан 20 минутта 3 ер адам өткенмен, біреуі де көмек көрсетпеген. Тек учаскелік полиция қызметкері келіп, қызды арашалап алған. Полицияны оқиға орнынан өткен тұрғындардың бірі шақырған.

Ер адамнан зорлық көре жаздаған баланың анасының айтуынша, полицейлер күдіктінің үстінен іс қозғаудың орнына, қайта-қайта түсініктеме ала берген.

Полицейлердің мәліметінше, күдікті мас болған, сөйтіп баланы қорқытқан. Ол өз әрекеті үшін жазасын алған. Қазіргі уақытта күдіктінің осыған ұқсас басқа да істерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Жәбірленуші қыздың әкесі қайтыс болған. Анасы 4 бала тәрбиелеп отыр. Олардың арасында ерекше күтімді қажет ететін бала бар.

Қазір қызды Human Rights Lawyers қоры қорғауына алған. Психологтар баламен және анасымен жұмыс істеуде. Оқиғаны мына сілтемеден көре аласыздар.