Bugin

Ресейде соңғы 100 жылда болмаған қар жауады: циклон Қазақстанға әсер ететіні рас па?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos.com

Мәскеуде 15 желтоқсанда "Ваня" циклонының әсерінен жауатын қар соңғы 63 жылдағы ең қалың қар болуы мүмкін. Bugin.kz тілшісі Қазгидрометке сілтеме жасап, елімізге бұл циклон қаншалықты әсер ететінін хабарлайды.

Ресейлік метеорологтардың болжауынша, 14-15 желтоқсанда Ресейдің басым бөлігінде қалың қар жауып, боран соғады, көктайғақ болады. Бұл күндері жел Мәскеуде 15-18 м/с-қа күшейеді.

Ресей гидрометеорологиялық орталығының ғылыми жетекшісі Роман Менделевич Вильфандтың айтуынша, ел астанасы Мәскеуде сәрсенбі, бейсенбі және жұма күндері қар жауады. Жұма күні қолайсыз ауа райы күшейеді. Бұл күндері Мәскеуде 15-20 мм жауын-шашын жауады. Жауған қар мөлшері рекордтық көрсеткішке жетеді деп болжанып отыр. Қардың биіктігі 40-50 сантиметрге жетуі мүмкін.

"Бұл қар кейінгі 100 жылда желтоқсанда жауған ең көп мөлшердегі қар болуы мүмкін. Өйткені қардың қалыңдығы 1919 жылы 16 желтоқсанда 32-33 сантиметрге жетсе, 1941 жылы 17 желтоқсанда 36 сантиметрге жеткен. Осы қар жауғаннан кейін желтоқсанның осы күндерінің рекордтары міндетті түрде жаңарады. Бірақ бұл "ғасыр қары" болады дегенді білдірмейді. Өйткені қыстың басқа айларында Мәскеуде қар көбірек жауды", - деді Роман Менделевич.

Қазгидромет қызметкерлері Қазақстанда бұл күндері аяз бәсеңдейді деп ақпарат таратты. 15-16 желтоқсанда еліміздің батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында қар жауады. Республиканың батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында жел күшейеді, бұрқасын болып, таулы аудандарда тұман, республиканың батысында шаңды дауыл болады. Түнде ауа температурасы батыста 5-15 градус аязға дейін, солтүстік-батыста және орталықта 10-25 градус, солтүстікте 17-28 градус, оңтүстікте 5-18 градус, оңтүстік-шығыста 10-25 градус аязға дейін біртіндеп жоғарыланады деп болжанады. Қазақстанның шығысында 30-40 градус аяз сақталады.