БІЛІМ

"Сол көзі ағып кетіпті": Желтоқсан оқиғасына қатысқан 3 қыздың қилы тағдыры

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Айгерім ӘДІЛХАНОВА. Bugin.kz

Желтоқсан оқиғасы кезінде белсенді болған қыз-келіншектер көп. Олар да ер азаматтармен қатар жазаланып, қуғын-сүргінді басынан өткерген. Bugin.kz тілшісі әскерилердің қолына түсіп, сұмдық жайтты көзімен көрген желтоқсаншы Ақмарал Сергебаеваның оқиғасын назарларыңызға ұсынады.

Кейіпкеріміз Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Тарғап ауылында 1958 жылы туған. Есепші-экономист, тексеруші мамандықтары бойынша еңбек еткен. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан. Ол қанға малынған қайғылы күн туралы тебірене еске алды.

17 желтоқсан күні Ленин даңғылымен жаяу келе жатып, Сәтбаев көшесі жақтан "Менің Қазақстаным" әнін шырқаған топты көріп жақындасам, маңында жасауылдар қаптап жүр. Өзім қатарлас қыз-келіншектерді кездестіріп, болған жайды сұрағанымда, елбасшының орысқа ауысқанын түсіндірді. Намысы бар әр қазақ қарсылығын көрсетіп, алаңға жиналып жатқанын айтты. Мен де келдім. Барған сайын халық көбейе түсті. Бұл мәселенің сырын Д.А.Қонаевтың өзі шығып түсіндіруін бейбіт жолмен талап еттік. Кешке қарай қақтығыс басталды. Сол барғаннан қайнаған ортадан шыға алмадым. Түннің бір уақытына дейін тобымыз біресе қашып, біресе жасауылдарды қайта қуып жүргенде, аяғым тайып құлап, қолдарына түстім. Аямай ұрған дубинкадан есім де ауып қалды. Басым қатты ауырып, екінші рет ұрғанда, қабағымнан жып-жылы болып қан ақты. Итті сүйрегендей жабық машинаға дырылдатып кіргізіп, Алатау аудандық милициясына әкеліп қамады.

Аздап есімді жиғанда қарасам, өзіммен бірге келгендер жастар екен. "Енді қайттім?" деп, қатты шыңғырып жылаған Бану деген келіншектің беті қанға бөккен. Тағы да бетін басып жылаған павлодарлық Бота деген қыз екеуіміз оның қолын түсіріп қарасақ, сол көзі ғой деймін ұмытпасам, ағып кетіпті. Қалтамыздан бет орамал алып, менің пальтомның белдігімен таңып байладық. Әуелгісі өзін Өскеменнен екенін, туыс апайының үйіне келгенін, бес жастағы қызы, күйеуі, енесі барын жылап отырып айтқан еді. Мен де ауылда қалған әке-шешемнің қолындағы 3,5 жасар ұлыма қорқынышпен, үреймен, жылап-сықтап, алаңдағанымды білдірдім. Тек Бота өзі орыс мектебін Павлодардан бітіргенін, отбасы жоқ екенін, жұмыс істемейтінін айтқан.

Сол өзім қамалған үш күнде көрмегенім жоқ. Бұлай ұрып-соққанша, өлтіре салғаны дұрыс болар еді. "Құдайым-ау" деп еңіреп жүріп, қаптаған небір қағазға оқымай-ақ қол қойдық. Неменеге қол қойғанымды сұрамақ түгілі, беттеріне қарасам, ұрады. Тек біреуі: "Мұндай қаншықтардан тұқым қалмау керек", - деп жығып, ұрып тепкіледі. "Аясаңшы", - деп қазақтың аяғынан жібермей жылағанда, "Әй, сен кімге қарсы шыққанынды, неге қол қойғанынды білесің бе?" - дейді. "Өзіңе-өзің үкім шығарып, 4 жыл 7 айға сотталуға қарсы емеспін" деп қол қойдың", - деді де, мені қайта әкеліп қамады. Келгенімде, Бану жоқ екен. Орнында отырған Бота мені аяп, бетімнен, құлағымнан аққан қанды сүрте бастады. Сол күні ауыса беретін милициялар әртүрлі сұрақпен күні бойы мазалады. Қоятын сұрақтары: "Басшыларыңыз кім?", "Алаңға неге келдің?", т.б. Сосын: "Мен келгенде Колбин кетіп қала ма? Мен өзім келдім, айтар бар шыным осы", - деуден қайтпадым. Сол үшін таяқты да жедім. Келесі бір сұраққа келгенімде, бір жас қазақтың баласы: "Сендердің жандарыңды сақтап қаламын деп, Мұхтар Шаханов Мәскеуге кетіпті. Көреміз. Ол кісіні танисың ба?" - деді. Мен оны көргенімді, ақын екенін білетінімді айттым. Келесі күні сұрақ пен таяқтың соңғы сыбағасын татқасын босатты да, арты қудалауға жалғасты. Бірінші Алланың құдіреті, сосын ата-баба аруағының арқасында тірі қалдым.

"Желтоқсан көтерілісі – тәуелсіздігіміздің түп кіндігі" деп нық айта аламын. Ол болмағанда, Қазақстанның Павлодар, Петропавл, Қостанай сияқты қалалары да орыстарға өтіп кеткендей екен ғой. Менің тән жарам жазылса да, жан жарам жазылған жоқ. Себебі өз басым орыстардан гөрі, өз қаным – қазақ  жастарынан көп таяқ жедім. Қазір денсаулық жок, екі құлақ естімейді. Басымда жел соғып тұрғандай шулайды. Ішкі құрылысым да сау емес, жүрек те ауырады. Соғыс ардагерлері 75-85 жасқа келіп қайтыс болып жатса, біздің желтоқсандықтардың алды 50-ге де жетпей бұ дүниемен қоштасып жатқандары бар. Ол да сол таяқтың кесірінен. Бәріміз де қарусыз шықтық қой...

Ұлы Отан соғысына да, ауған соғысына да баяғы орыс апарды. Ал, желтоқсаншылар біреудің бұйрығын орындаған жоқ, өз еліне еркіндік әкелді. Сол арқылы қазақ деген ұлтты әлем білді. Көтеріліске қатысқаныма өкінбеймін. Желтоқсандықтарды мақтан тұтамын. 1992 жылы ауданымызға келген сапарында елбасы (тұңғыш президент, ред.) да "Желтоқсан қарлығаштарын" құрметтейтінін айтқан.

Сол кезде бірге қамалған өскемендік, көзі ауыр соққыдан ағып кеткен келіншек әлі көз алдымнан кетпейді. "Бармысың, бауырым" бағдарламасына да барып іздеу салдым. Бірақ Банудан хабар жоқ. Ал, Бота екі рет үйленіп, бала көтермей, ажырасқасын. "Бәрі құрып кетсін, қарғыс атқыр милициялардың кесірі" деп, жеңіл жүріске, араққа салынып кеткенін кездескенімде айтқан еді. Әрине, обал-ақ, тұрақты жері де жоқ екен.

Бар тілегім – нанымыз, әніміз болсын! Қол жеткізген көк туымыз көгімізде желбірей берсін, лайым!

"Желтоқсан ақиқаты", Кітаптың идеясы мен

құрастырушысы – Бейсенғазы Сәдуұлы