Bugin

Өгей қыздың өлімі: Әкесі мән-жайды айтып берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: pexels.com

Алматыда 2023 жылғы 20 желтоқсанда сот отырысында марқұм жеті жасар Каринаның әкесінен жауап алынды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Айыпталушы – қыздың 47 жастағы өгей шешесі, белгілі қоғам белсендісі Балжан Тұрлыбек. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігі (Жас баланы өлтіру) бойынша айыпталуда.

Судья Ерлан Болатов қыздың әкесі Бәкен Ғалымжанұлын жауап алуға шақырды, ол сотқа куәгер ретінде шақырылған. Ол сотталушымен 2022 жылдың қыркүйегінен кісі өлтіргенге дейін, яғни 2023 жылдың шілдесіне дейін бірге тұрған.

"Мен аула сыпырушы болып жұмыс істеп жүрдім. Былтыр маған Балжан келіп жұмыс ұсынды, арадағы қарым-қатынас осылай басталды. Қызым Каринаны 2023 жылдың сәуір айында бірге тұруға алып кеттік. Балжан "оны қазір алып кел, кейін әкелмесең де болады" деді. Басында тиіспейтін, кейін Балжанның баласы көшіп кеткен соң қол көтере бастады. Өйткені бала дәретін жіберіп қойып, тыңдамады", – дейді жеті жасар Каринаның әкесі.

Ол қызының қаза тапқанын қалай естігенін, сонан соң не жағдай болғанын айтып берді.

"2023 жылғы 10 шілдесінде сыртта жүр едім, Балжан телефон соғып: "Мен оны өлтіріп алған сияқтымын, үйге кел" деді. Келсем, бала ваннада жатыр, киім-кешегі еденде шашылып жатты. Әйелім қызымды жуындырып жатыр екен. Жуындырып болған соң қолдан дем алдырмақ болды. Бала тірі жатты, қорылдағаны естіліп жатты. Маңдайы ісіген, денесінің біраз жері көгерген", – деді Бәкен Ғалымжанұлы.

Баланың жағдайын көрген әкесі дәріханаға жүгіріп, жолда қыздың жуынатын бөлмеде құлап қалғанын айтып, жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер келіп қыздың жан тәсілім еткенін айтқан.

2023 жылдың шілдесінде Алматыда жеті жасар Каринаның көз жұмғаны туралы хабар қазақстандықтарды дүр сілкіндірді. Күдікті ретінде қыздың өгей шешесі, белгілі қоғам белсендісі Балжан Тұрлыбек ұсталды.

Жеті жасар Каринаны жерлеу рәсімі 2023 жылы 13 шілдеде Алматыда өтті.