Bugin

"Мамам қашан келеді": автобус қағып өлтірген ерлі-зайыпты жерленді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: КТК арнасынан скрин

Алматыда автобустың астында ажал құшқан ерлі-зайыптыларды туыстары соңғы сапарға шығарып салды. Мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген марқұмдар жұмыстан үйге қайтпақ болған екен. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ерлі-зайыптының артында 4 баласы қалды. Марқұм Талап Қасымов пен жұбайы Гүлжахан Ырсымбаеваның қаза тапқанына туысқандары сенбейді. Екі перзенті әлі кәмілет жасына да толмапты.

Туысы Гүлнәр Тұрсынбекова:

 "Үнемі екеуі бірге жүретін еді, сол күні де екеуі ойында ештеңе жоқ, балалары үйде күтіп отырғанын біледі, асығып келе жатқан ғой. Жолда көлік тоқтатып тұрды. Тура қосақтасып екеуі . Балалары түсінбейді әлі, олар біз келгенімізге қонақ деп, жүгіріп ойнап жүр, ертен мына адамның бәрі кеткеннен соң, не деп жауап береміз? Мамасын сұраса, папасын сұраса ,не деп айтамыз?" ,-деді.

Ерлі-зайыптылар оқуға бірге түсіп, бірге аяқтаған. Жұмысқа да қол ұстасып бірге кіріпті. Екеуі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Сол күні мектептен шығып үйге қарай беттеген. Жол жиегіне тұрып, қала сыртына жүретін көлікті күткен. Сөйтіп ойламаған жерден автобустың астына түсіп мерт болған.

Туысы Абдулла Құрбанов:

"Қатты жылдамдықпен келді деді ғой, қашқан адамдарды көрдім. Қашып құтылғандар бар. Құтыла алмай қалған ғой, біздің балалар. Полиция қызметкерлері куәлігін алған да, тыныш отыра берген. ЖСН , басқасы бар, қазір дамыған кез ғой, бірден түнде хабарламай ма?!",-деп айтты.

 Балаларының ең үлкені – 23, екіншісі – 18 жаста. Үшіншісі – 9-сынып оқушысы, ал кенжесінің жасы – бесте. 

Марқұмдардың туысы Сүйінбай Оңғарбеков:

"Артында балалары қалды ғой. Кішкентай баласының өзі 5-6 жаста. Ол күнде мамасын сұрап отыр. "Неге мектептен қайтпайды" дейді. "Мамам қашан келеді" деп отыр. Барынша өзінің жазасын алсын. Ол қылмыс қой барып тұрған! Бір адамды емесғ бірнеше адамды басып өткен. Келіп, тіпті кешірім сұрамаған адамдарға не деп айтамыз? Автобус паркінен де келмеді ғой, ешкім ...",-деп мұңын айтты.

Қара жамылған отбасы автобус паркінен өтемақы төлеуді де талап етеді.