Bugin

Жүкті әйел мен баланың жанын сақтау үшін құтқарушы үсіп қалды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos.com

Қаңтарда құбылмалы болған ауа-райы құтқарушылар мен полицияның жұмысына қолайсыз болды. Еліміздің әр өңірінде қақаған аяз бен боран соғып, жолдар жабылып жатыр. Тіпті Ақмола облысында төтенше жағдай қызметкері екіқабат әйел мен баланы құтқарамын деп өзі үсіп қалған. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ал Ақтөбе облысында үскірік аязда 60 адам мінген автобус діттеген жеріне жете алмады. Жолаушылар арасында балалар да бар. Қарағандыда қатты жел шатырларды ұшырса, Семейде дүлей дауылдан бас шырша құлап қалған.

 Бір отбасы Еркіншілік ауылынан аудан орталығына жолға шығады. Ер адам ауруханаға екіқабат әйелі мен қолы сынған ұлын апара жатқан. Жолда отағасы бұлақтан су алмақшы болып тоқтаған. Бұлақ іздеп жүріп адасып қалады. Үскірік аязда көлікте қалған әйел мен бала үсуге шақ қалады. Әйел жағдай туралы құтқарушыларға хабар берген.

 Айдалада адасқан адамды да, әйел мен баланы да арнайы көлікпен шығып, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Амангелді Доскенов өзі іздеп тапқан. Алайда жоқ іздеп жүргенде екі құлағы мен бетін аяз қарып тастапты. 30 апталық жүктілікпен жолға шыққан әйел мен қолы сынған бала дәрігерлерге аман-есен тапсырылған. Әріптестерінің айтуынша,екі құлағы мен бетін үсітіп алған құтқарушы қаздың майын жағып алып, қызметін жалғастыруға кетіпті.