Bugin

"30 мың теңге төлейміз". "Қазпошта" басшысы қызметкерлердің аз жалақы алуының себебін айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото. PRIMEMINISTER.KZ

Мәжілістегі тыңдалымда "Қазпошта" қызметкерлерінің кейбірі 30 мың теңге жалақы алатыны айтылып, көпті таңғалдырған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Еліміздегі орташа жалақының көлемі былтыр 70 мың теңге болса, биыл 85 мыңды құрайды. "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова еңбектері ерен пошташылардың орташа жалақыдан төмен айлыққа қалай күн көріп жүргенін, "Қазпошта" қызметінде қандай сервистер бар екенін "Уәде" бағдараламасында ашып айтты.

"Неге жалақы 30 000 тг? Бізде ауылдағы пошташы аптасына екі сағат жұмыс істейді. 1 сағаттан шығады, 1 күн поштаны жинап алады. 2-күні шығады, пошта келгенде 2 сағатта таратып береді. Сонда олар айына 8 сағат істейді. 30.000 теңге алатын тек 400 адам. Екі үйі бар ауылдар бар бізде. Көлемге байланысты адамға солай төленеді. Мен ол кісіге айына 30 күн жұмыс істейтін адамның жалақысын төлей алмаймын ғой. 400 адамға ол қосымша жұмыс", - деп жауап берді Әсел Жанасова.

Басқарма төрағасы пошта қызметі тым ұзақ уақыт алатынын әрі қиын деген пікірмен келіспейтінін айтты.

"Қазпошта" қызметінде 17 000-ға жуық өндірістік персонал, екі жүз сервис бар. Сәлемдемені 60 теңгемен де жібереміз, 1000 теңгемен де жібере аламыз. 1000 теңгенің сервисі бөлек. Үйге келіп алып кетеміз немесе үйге келіп, сізге береміз. Бірақ кейбіреулер 60 теңгемен жібергісі келеді. Оларда, әрине, трекинг болмайды, сәлемдемесі 3 апта жүруі мүмкін. Ондай клиенттеріміз де бар. Біз оларға да қызмет етуіміз керек", - деді ол.

"Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы осы жылы пошташылардың орташа жалақысы 204 мың теңге болса, келесі жылы оны 15%-ға көбейетінін айтты.