ДЕНСАУЛЫҚ

Жүктілікті жоспарлауда овуляцияның маңызы қандай? Гинеколог маман жауап берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

Қазіргі таңда көп қыз-келіншек жүктілікті жүйелі түрде жоспарлайды. Сондықтан көбі овуляцияның көмегіне жүгінеді. Овуляция – бұл жұмыртқаның аналық безден сперматозоидқа қарай шығуы. Яғни циклдың ортасында әйел ағзасында орын алатын құбылыс. Овуляцияға байланысты қыз-келіншектердің көкейінде жүрген сұрақтар да бар. Bugin.kz тілшісі 19 жылдық тәжірибесі бар гинеколог Айжан Жеңісқызынан осы сауалдарға жауап алды. 

Овуляция деген не?

Қазіргі кезде әйелдер жүктіліктен сақтану үшін немесе тез жүкті болу үшін овуляция кезін алдын ала біліп жүреді. Овуляция – аналық безде доминантты фолликулдың ішінен ұрықтың шығуы. Жүктілікті жоспарлаған келіншектер овуляция кезінде жыныстық қарым-қатынасқа түседі. 

Овуляция қай кезде болады? Овуляцияны қалай есептейді?

Әр әйелде, әр қызда етеккір келуінің нақты уақыты жоқ. Етеккір келген күннен бастап цикл басталады. Сол келген күннен келесі етеккір келгенге дейінгі аралықты санаймыз. Көбінде 28, 30 күннен кейін етеккір келеді. Міне, осы шыққан аралықты цикл деп атаймыз. Егер етеккір бірде айдың басында, келесі айда айдың ортасында келетін болса, міндетті түрде гинекологқа қаралу керек. Ол кезде циклды да есептей алмайды. 

Егер цикл 28 күнді құраса, овуляция осы уақыт аралығының қақ ортасында болады. Яғни циклдың 14-күні. Осы күндері ер мен әйел жыныстық қарым-қатынасқа түссе жүкті болу ықтималдығы жоғары болады. Қазіргі таңда овуляцияны есептейтін түрлі қосымшалар бар. Телефонға жүктеп алып, етеккірдің келген күнін белгілеп, анықтап алса болады. 

Овуляциядан кейін жүктілікті қалай анықтауға болады?

Әйелде циклдың ортасына қарай созылмалы бөлінділер келеді. Ол овуляциялық бөлінді деп аталады. Әрі әйел адамның іші тартып ауырады. Овуляцияға арналған сынама тесттер бар. Оны кіші дәретке шыққанда тексеруге болады немесе ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) арқылы да білуге болады. Негізі тек УДЗ арқылы ғана нақты овуляция болды деп айта аламыз. УДЗ-ға циклдың 12, 14, 16-күндері шақырамыз. Бірінші келгенде аналық безінде фолликулдың өсіп келе жатқанын көреміз. Екінші келгенде оның үлкейгенін көреміз. Ал үшінші рет келгенде фолликул жарылып, ішіндегі ұрық шығып, сары дененің түзілгенін көреміз. Сол түзілісті нақты овуляция болды, жүктілік бар деп айта аламыз. 

Овуляцияның болмауы қалыпты ма? Ол қай кезде болмайды?

Жүктілік кезде овуляция болмайды. Ал етеккір келетін әйелдерде овуляцияның болмауы – қалыпты жағдай емес. Овуляция болмаса, әйелде гормондардың бұзылғанын анық байқаймыз. Гормондар стресс кезінде бұзылуы мүмкін. Қалыпты жағдайда аналық безінде 8-10 фолликул болады. Ол көп болса, эстроген гормонын бөледі. Эстроген  гормоны жастарда көп болады. Сол үшін де жас келіншектер тез жүкті болады. Ал әйел орта жастан асқанда аналық бездегі фолликулдар азаяды. Яғни овуляция азая бастайды. Кейін мүлде болмай қалады. Қант диабеті, артық салмақ кезінде де овуляция болмауы мүмкін.