Bugin

Тоқаев авиабазаның ашылу рәсіміне қатысты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Ұлттық ұлан авиабазасының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана қаласында Ұлттық ұлан авиация базасының ашылу рәсімі өтті.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, жиынға қатысушыларды алдағы Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, бұл отаншылдық сезімді оятып, жауынгерлік рухты арттыратын мәртебелі мереке екенін айтты. Сонымен қатар Қарулы Күштерді егемен еліміздің мықты қалқаны, бейбітшілік пен тұрақтылықтың мызғымас тірегі ретінде атап өтті.

"Авиациялық базаның ашылуы – Ұлттық ұлан ғана емес, бүкіл әскеріміз үшін айтулы оқиға. Бұл база күштік құрылымдардың әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Ұшқыштардың шұғыл әрекет етуіне жағдай жасайды. Мемлекет Қарулы Күштерді жабдықтап, әскери инфрақұрылымды дамыту мәселесін айрықша назарда ұстайды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент еліміздің бірқатар өңірінде болған алапат тасқынға қарсы күресте сарбаздардың алдыңғы шептен табылып, антқа адал болудың озық үлгісін көрсеткеніне тоқталды.

"Осы орайда мен әскери ұшқыштардың кәсіби тұрғыдан білікті және шебер әрекетін ерекше атап өткім келеді. Олар зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық жүк жеткізді. Азаматтарды қауіпсіз жерге көшірді. Соның бәрін мінсіз атқарды. Осындай қиын-қыстау кезде халықпен бірге болған сарбаздарға зор ризашылығымды білдіремін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.