БІЛІМ

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы мектеп: 100 жылдық тарихы бар білім ордасы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: istock.com

100 жылға жуық тарихы бар Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы Ойық ауылы орта мектебі 2000 жылдан бері түрлі номинация жеңімпазы атануда. 2000 жылы “Таңдаулы” мектеп атағына ие болып, 2016-2018 жыл аралығында “Ауыл үздік мектебі” номинациясының жеңімпазы атанды. Соңғы он жыл ішінде 40-қа жуық оқушы Алтын белгімен бітірген мектеп директоры Ғылым Жолтайұлымен білікті ұстаз, білімді ұрпақ тәрбиелеу жайында Bugin.kz порталы сұхбаттасты. 

Мектебіңіздің атақ-даңқын сақтау үшін қандай іс-шаралар қолданасыздар?

Біріншіден, оқушыларды дұрыс тәрбиелеп, дұрыс оқыта білуімізде. Мұғалімдердің нені оқыту керектігін білуінде. Біз гимназия емеспіз, лицей емеспіз. Біз – ауылдың қарапайым балаларын оқытатын мектеппіз. Ауыл мен қала мектебін үнемі салыстырады, сол салыстыруда қала мектебімен теңесу үшін үздіксіз еңбек етудеміз. Екіншіден, сабақтың сапасын арттыруымызда. Сабақ сапасын арттыру үшін командалық жұмысты көбірек қолданамыз. Барлық жетістік мұғалімдеріміздің үздіксіз еңбегі деп білемін.

Ал, ұстаздарыңыз біліктілігін қаншалықты жиі арттырып отырады? 

Біздің педагогикалық ұжым 3 жылда 1 рет курстан өтеді. Бұл туралы мектепішілік жоспар бекіткенбіз. Қазір де командалық жүйемен, пәндік жүйемен, тәрбие бағытында 1-3 жыл ішінде 3-4 рет курсқа барып келетін ұстаздарымыз бар. Курстарға қатысу арқылы жаңашылдықты, әлемдік трендтің оқыту жүйелерін, солардың әдіс-тәсілдерін қолданамыз. Және әр барып келген мұғалім алған білімімен әріптестерімен бірлестіктер арасында бөліседі. 

Мектебіңізде оқытудың қандай жаңа инновациялық әдіс-тәсілі қолданылады?

Мектебімізде жаңартылған 4 кабинет жүйесі бар: химия, биология, физика, мультимедиалық кабинет. Техникамен толық жабдықталған робототехникалық кабинетіміз де бар. Оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында сыни ойлау қабілетін дамыту үшін осы технологияларды көптеп пайдаланамыз. 

Алдағы 3-5 жылдыққа қандай мақсат, міндет қойдыңыздар? Мектебіңіздің даму жоспарымен бөлісе кетсеңіз.

Қыркүйек айында даму жоспарын бекіттік. Бұл даму жоспарында сабақтың сапасын арттыру – басты міндетте тұр. Даму жоспары бірнеше бөлімге бөлінген. Түрлі жоспарларымыз бар, жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Білікті, дарынды мұғалімдерді өз мектебіңізге қалай тартасыз және ұстап қаласыз?

Ол өте қиын, күрделі жұмыс. Дарындылық, қабілеттілік туа бітетін қасиет немесе көп еңбектенген адамға келетін жұмыс. Мұғалімдердің көп ізденуін, үнемі өз білімін жетілдіруін қадағалап отырамыз. Ауылдық жерге қызыл дипломмен бітірген мұғалім келе қоймайды. Ондай мұғалімдер келіп жатса аспанға бөрік атып қуанамыз. Жас мамандарға тәжірибелі ұстаздарды бекіту арқылы тәлімгерлік жүйемен қолдап отырамыз. 

“Білім сапасын арттыру, әр азаматқа сапалы білім беру мұғалімдерге жүктелген міндет. Міндетімізді абыроймен, адалынан атқарайық!”, – деп қазақстандық ұстаздарға жылы лебізін білдірді Ғылым Жолтайұлы.