МӘДЕНИЕТ

Өнер үшін өмірге келген әнші кім?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Қажыбек Бекбосынов / bugin.kz

Қазақ даласында дәстүрлі ән өнері XIX ғасырда Біржан сал, Ақан серіден басталып, Рамазан Стамғазиев, Қажыбек Бекбосыновтармен жалғасын тапты. Бүгін, 19 мамыр – қазақ дәстүрлі әндерінің майталманы, ҚР халық әртісі Қажыбек Бекбосыновтың дүниеге келген күні. Bugin.kz порталы әншінің өмірінен деректер ұсынады:

- 1946 жылы 19 мамырда Талдықорған облысы, Қапал ауданы, Қоңыр ауылында туған.

- Бала кезінен бастап өнерге ерекше қызығушылық танытады. Ағасының патефоны арқылы түрлі әндер жаттап, 11-12 жасында ән айта бастаған.

- Әкесі Құдайберген Бекбосынұлы ел арасында әншілік, айтыскерлік өнерімен танылған кісі болған. Бала кезінен әкесінің жанында айтыс тыңдап, ұлттық өнерді бойына сіңіріп өскен.

- Мектепті тәмамдағаннан кейін, Алматыдағы Эстрада және цирк өнері студиясына оқуға түседі. Мыңнан аса талапкердің арасынан өнерімен суырылып шығып, оқуға түскен елу адамның қатарына іліккен.

- Оқу бітірген соң "Қазақконцерт" бірлестігінде жұмыс істейді.

- ҚР мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткері Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті болып, 28  жыл сабақ алған.

- 1972 жылы Жексенбек Еркінбековтің ұсынысымен Талдықорған қаласына әнші, композитор Дәнеш Рақышевтан дәріс алуға жіберіледі.

- 1996 жылдан бастап Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің әншісі болып қызмет атқарған. Бір жылда сегіз ай бойы гастрольге шыққан кездері де болған.

- 2004 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінде жұмыс істеп жүрген кезінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінен шақырту алып, Түркістанға көшеді. Өмірінің соңғы жылдарында шәкірт тәрбиелеп, өнер факультетінің "дәстүрлі ән" кафедрасында ұстаздық етеді.

- Балаларының арасында бір қызы әкесінің жолын қуып әнші болса, енді бір қызы білім жолында ұстаз боп қызмет етіп жүр.

- Қажыбек Бекбосынов "Алтын қорға" 100 ән жаздырған.

- 2021 жылы "Құрмет" ордені табысталды.

- Сәуір айында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Қажыбек Бекбосыновқа арналған аудитория ашылды. 

Әр ұлттың мәдениетінен сыр шертіп, құндылығын дәріптейтін өлең-жырлары мен ән-күйлері болса, қазақ өнері тек өрлемесе, өшпейді деген үміттеміз.

           

Мәліметтер әншінің  «Жан сарайы» бағдарламасына берген сұхбатынан алынды     

Материал авторы: Бану Әбдіғалиева