Саясат

Қазақ қызы: менің Қазақстанда қалғым келмейді

Әлеуметтік мәселесе

 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Еліміздегі жастардың шетелге оқуға кетіп қайта оралуға көңілдері тарта бермейтінін жазып та, айтып та келеміз. "Не үшін?" деген сұраққа: "Экономикалық тұрақсыздық" пен "саяси жүйені" және "еркіндік мәселесінің шектеліп қалғанын" алға тартатынын да естиміз. Сіздерге қарапайым қазақтың қызы Мереке Зейноллақызының жазған постын ұсынып отырмыз. 

Мен жаныма жайлы мекен іздеймін. Кешкі отырысқа жиналғанда жүзіме қарап жымиып, орындықтан тұра бере сыртымнан ғайбат сөздер айтатын ортадан қашқым келеді. Анамның маңдай тері тамшылап жүріп маған берген жоғарғы білімінің нәтижесі-диплом бойынша жұмыс табылатын жерге кеткім келеді. Белгілі бір мамандық иесі болып университет тәмамдап, белгісіз мамандықпен нәпақа табудан жалықтым. Ойымды ашық жеткізе алмайтын ортадан қашықтағым келеді. Әрбір сөзімді ойланып, жанымда отырған адамның қайсысына жақпай қалатынымды білмей сасқалақтап отырудан жалықтым. 

Демалыс орындарына аптаның ауыр жүгінен арылу үшін бара қалсам, өзгелердің «ұятсыз» деген бір ауыз сөзіне ілігіп, қасықтап жиған намысым, шөміштеп төгілетін мекенде мені ештеңе ұстап тұрмағанын түсінем. Білім алып, ауыр еңбек етіп, соңыңнан ерген іні-бауыр, туыс, анама көмек қолын созбақшы болып жүрген жалғыз басымды жұрттардың өсекке тиек етіп, «бие көзін сүзбесе...» деген сынды жағымсыз тіркестерге теңегенін жек көрем. Жаныма жақын адам іздеп, танысу желілерінен тапқан жігітсымақтардың «сыпайы» маскасынан жалықтым. Жасыңның жиырма алтыда екенін білген жұрт, менің жеке өмірімді талқылап, тіпті шешімін тауып, өзгемен шаңырағы жараспаған, бірнеше баласы бар жас әкелермен байланыстырғысы келетін ағайындарды жек көрем. Қиыры жоқ, шегі жоқ білімімді жалғастырғым келетін ойымды «жұмыс жасаудан қашу әрекеті» деп түсінетін елдің ойынан жалықтым. Жабығып отырып жаныңның қайғысын бөліскен ер жігіттер жылы сөздерін жаудыртып, жұбатқан түр танытып, етегіңнен жармасып, көйлегіңнің түймелерін ағытуға асығатын әрекеттері жабырқатады. Сезімге беріліп, шоқ басып, отқа күйінген қыздарға кінә тағуға әдетеніп алған қоғамға жаным ашиды. Баласына білім беруді армандайтын, бірақ шамасы жетпейтін әйел-аналардың өтінішіне үркіп, «шамасы жетпесе, дүниеге әкелмеуі керек еді» деп ақыл айтып, мыңдаған долларлық құны бар көйлек киіп, бір апталық демалысында миллиондаған қаражаттың басына су құйып келетін өзімшілдерді көргім келмейді. 

Шаңырағында ыстық шәйі мен тағамын дайындап,өзіне жат туған-туыс, дос-бауырдың көңілінен шығу үшін ебектеп жүрген келіншектердің үйіне асықпай, көңілдесінің көңілін көтеруге көлбеңдеген опасыздарды жек көрем. Опасыз еркектердің бір түндік ләззатынан зардап шегетін арулардық «пәктігі» қыз баланың бүкіл ибалылығын, инабатын, көркем мінезі мен қазақылығын жойып, «тәрбие көрмеген» сайқал болып шығатын жұрттардың ойларынан жүрегім ауырады. Қазақ жігіттен жүкті болып, ықыласы мен махаббатына бөлене алмай айдалада қаңғырып қараусыз қалған қыз баланың әрі қарай өзі өмір сүру үшін, ел-жұрттың көзінде «тәрбиелі» адам болып көріну үшін, бауыр еті бөбегіне қоқыстан орын беріп жатқан сіңілілерімді көріп көңілім қынжылады. Тағдырдың талқандауына түсіп, үйсіз-күйсіз, дос-жаранның сатқындығынан өмірден безген адамдардың қыстыңгүні далада газет жамылып жатқанына көзіміз үйреніп, бүрсең қаққан жануарды үйімізге кіргізіп алатын қатыгез қоғамнан шошынам. Шамасы жететіндер поржбен жол кептелісінде тұратын, қара нанға зәрулер жалаң аяқ қар басқан қара жерден қашқым келеді. Себебі, ойымды ашық айтқаным үшін «сатқын, түнгі көбелек, ақылсымақ» ең әрісі, «қатын» атанғым келмейді. Мұндай оқиға бүкіл мемлекетте қайталанып жатыр дейтіндер де бар. Иә, бар шығар! Қайталанса да аз мөлшерде орын алып, адамдар бір-бірін пышақтамайтын, қыздарын құрметтеп, әйелдерін ардақтап, ер жігіттеріне арқа сүйей алатын тыныш орта іздеймін. 

Сондықтан, Менің Қазақстанда қалғым келмейді!