САЯСАТ

Жемқорлардан қайтарылған 4,2 млрд теңгенің қайда жұмсалатыны белгілі болды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: zakon.kz

Қызылорда облысының Арал ауданында сумен жабдықтау жүйесін дамытуға Арнаулы мемлекеттік қордан 4,2 млрд теңге бағытталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Бұл қаржы Тоқабай және Абай ауылдарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Арал–Сарыбұлақ топтық су құбырына қосылатын Арал–Тоқабай–Абай магистральдық тармағын салуға жұмсалады. Жоба 2021 жылы басталған, бірақ оны толық аяқтау үшін қосымша 3,7 млрд теңге қажет болған. Қаржыландыру мәселесі шешіліп, нысанды 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Ақбасты ауылына (шамамен 400 тұрғын) ауыз су тарту жұмыстары да аяқталуға жақын. Бұл елді мекен Арал–Сарыбұлақ топтық су құбырына қосылатын Қосман–Ақбасты магистральдық тармағы арқылы қамтамасыз етіледі. 2,4 млрд теңгеге бағаланған жобаның 1,8 млрд теңгесі бұрын игерілген, ал қалған 524 млн теңге Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінді. Ақбасты ауылындағы су жүйесі биыл іске қосылады.

Аталған жобаларды жүзеге асыру ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартады.

Айта кетейік, сумен жабдықтау жүйелерін дамыту – Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі. Бұл шаралар Мемлекет басшысының елді мекендерді 100% таза ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында іске асырылуда.