ҚОҒАМ

ҰҚК бірнеше өңірде діни радикалдардың жолын кесті: 4 қазақстандық ұсталды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астана қаласы мен Абай, Ақтөбе және Түркістан облыстарында радикалды діни ағымдарды ұстанған азаматтардың әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Ведомство таратқан мәліметке сәйкес, терроризмді насихаттады және діни алауыздықты қоздырды деген күдікпен төрт қазақстандық ұсталған. Тергеу деректеріне қарағанда, олар бұл әрекеттерін әлеуметтік желілер арқылы да жүзеге асырған. Күдіктілердің бірі бұрын сотталғаны атап өтілді.

“Олардың тұрғылықты жерінен заттай айғақтар алынды. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни араздықты қоздыру») және 256-бабы («Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр”, – делінген ресми хабарламада.

Бұған қоса, бұрын қозғалған қылмыстық істер аясында ҰҚК-нің тергеуімен Ақтөбе, Қарағанды және Түркістан облыстарының үш тұрғынына қатысты сот үкімі шықты. Олар әлеуметтік желіде және өз ортасында терроризм мен діни экстремизм идеологиясын таратқаны үшін жауапқа тартылған.