САЯСАТ

Үндістан мен Пәкістан арасындағы жағдай ушығып тұр: Air Astana Делиге қатынайтын рейстерді тоқтатты

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: avia.tips

Air Astana әуе компаниясы Үндістан мен Пәкістан арасындағы әуе кеңістігінің жабылуына байланысты 8 мамыр күніне жоспарланған Алматы – Дели – Алматы бағытындағы KC 907/908 рейстерін тоқтатуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Компания өкілдері аталған рейстерге билет сатып алған жолаушыларға қаражаттың толық көлемде қайтарылатынын мәлімдеді.

Қазіргі таңда әуе тасымалдаушы Қазақстан азаматтары мен өзге де жолаушыларды елге қайтару үшін баламалы бағыттар бойынша репатриациялық рейстер ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

“Біз жағдайдың дамуын мұқият бақылап отырмыз және жолаушыларды кез келген өзгерістер туралы дереу хабардар етуге тырысамыз”, – деп атап өтті Air Astana баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 7 мамырға қараған түні Үндістан мен Пәкістан шекарасындағы даулы аймақта қарулы қақтығыс орын алды. Тараптар бір-біріне зымырандар атқылап, “Синдур” деп аталатын әскери операция басталып кетті. Пенджаб пен Кашмир аумағындағы атыс салдарынан 31 адам көз жұмып, ондаған адам жарақат алды.

Екі ел арасындағы бұл шиеленіс 2025 жылдың 22 сәуірінде Кашмирде орын алған терактыдан кейін ушыға түсті. Сол оқиға кезінде 26 адам қаза тапқан еді.