Саясат

Бақытжан Сағынтаев: Дайын тұрған үйлер халыққа берілмей отыр

1 жыл бұрын салынып біткен үйлер бос тұр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жаңа тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен қамту мәселесін көтерді. Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының биылғы іске асырылу барысы туралы баяндады.

Премьер-Министр 9 айдың қорытындысы бойынша бағдарламаның барлық бағытында өсім бар екенін, дегенмен бірқатар маңызды мәселелерге назар аудару қажеттігін айтты.

«Бірінші мәселе - қаражатты игеру. Баяндамада айтылғандай, бірқатар өңірлерде 9 айдың қорытындысы бойынша қаражатты игеру қарқыны төмен. Алып отырған жоспарымыз - 12,1 млн шаршы метр. Былтырмен салыстырғанда 10%-ға жоғары. Ал жылдың аяқталуына 2 ай ғана қалды. Құрметті әріптестер, әкім мырзалар, тұрғын үйдің жоспарланған көлемін тапсыру және бөлінген қаражатты тиімді игеру үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдауды тапсырамын», - деді Премьер-Министр Үкімет отырысында.

Сонымен бірге, Сағынтаев инженерлік коммуникацияларды құрылыс алаңдарына жеткізу мәселесін көтерді.

«Бұл, негізінен, көппәтерлі үйлерге және жеке үй құрылысына қатысты. Биыл мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының жартысына жуығы осыған көзделген. Кей өңірлерде қажетті инфрақұрылым болмағандықтан салынып, дайын тұрған үйлер пайдалануға берілмей отыр», - деді ол.

Мысал ретінде Премьер-Министр дайын тұрған, бірақ инфрақұрылымы жоқ нысандарды атап көрсетті.

«Петропавлдағы «Береке» шағынауданында бес қабатты 3 үй бар. 230 пәтер 2017 жылдың қараша-желтоқсанында, бір жыл бұрын салынып біткен. Бірақ берілмей отыр. Инфрақұрылым жоқ. Семейде 10 қабатты 3 үй 2017 жылы қараша-желтоқсанда салынған. Ақтөбедегі «Нұр Ақтөбе» шағынауданы 2018 жылдың тамыз айында салынған. Шымкентте «Тұлпар» шағынауданында 3 қабатты 8 үй 2018 жылдың сәуір-тамыз айларында салынған. Бірақ инфрақұрылымы жоқ», - деді Бақытжан Сағынтаев. 

Құрылысы аяқталуға жақын қалған объектілер Қарағандыда, Өскеменде, Оралда, Семейде бар. Олардың құрылысы қараша-желтоқсан айларында бітеді деп жоспарланған. Алайда бұл жерлерге де инфрақұрылым тартылмаған және абаттандырылмаған. «Бұған баса назар аудару қажет. Жеке тұрғын үй бойынша биыл 40 мыңнан астам жер учаскесі инфрақұрылыммен қамтылуы тиіс. Алайда 9 айдың қорытындысы бойынша тиісті жер телімдерінің 40%-ы ғана қамтамасыз етілген. Әкімдер жыл соңында белгіленген межеге жетеміз деп отыр. Мұны қатаң бақылауға алу керек», - деді Бақытжан Сағынтаев.   

Дереккөз: inform.kz