Саясат

Патриот адам жемқорлыққа бармайды-мұғалім

Ал сіз шынайы патриотсыз ба?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сіз бен бізге «сіз патриотсыз ба?» деген сұрақты тосыннан қоятын болса, жауап бере аламай кідіріп қалатынымыз рас. Оның да жөні бар. Бірі ұялғаннан, бірі шынайы ниетімен «иә» патриотпын деп алдына жан салмай жауап береді. Енді бірі жай ғана «жоқ» деп үнсіздік танытады. «Патриот» сөзінің мағынасы терең болғанымен, мұны көпшілігі жеңіл-желпі қабылдайды. Иә, солай. Тіпті жоғары билікте отырған тұлғалардың өзі бұл сөздің түпкі ұғымын терең түсінбейді. Себебі көпшілік әнұранды жатқа біліп, ту мен елтаңбаның мағынасын түсінгеннің барлығын патриот ретінде санайды. «Менің Қазақстаным», «Еліміздің дамуына үлесімізді қосайық», «Елім, жерім» деп сан мәрте қайталайтындар бар, ал іске келгенде оның бос сөз екеніне көзіміз жетеді. Бірі дұрыс білім алмайды, бірі көзбояушылық жасап, жемқорлыққа барады, бірі өз жұмысын сүйіп істемейді, бірі әділдікті қалайды, бірінің өз өміріне көңілі толмайды, бірі тұратын баспана таппай, уақытша пәтердің есігін тоздырып жүр, бірінде қаржы мәселесі бар, бірінде несие бар, бірі шетел асып, жеткілікті қаражат табуды көздейді, бірі өмірден түңіліп жүр. Ал басында осы мәселесі бар адамның еліне деген патриоттық сезімі болады деп айту қиын. Бұдан бөлек, шынайы патриот дегендегі басты мәселе өз ана тілімізге деген құрмет емес пе? Өкінішке орай, өз тілімізге шорқақтаймыз, екі сөздің басын қоса алмай, қиналамыз. Тілінен күрмеліп өскен баладан қандай патриот тәрбиелейміз? Қара шаңырақтағы балаға кінә арту дұрыс болмас, себебі үйдегі тәрбиеге ешкім араласа алмайды. Билікте де қазақ тілімізді осылайша бейшара күйге түсіріп қойдық. Осыдан кейін шынайы патриотты қайдан табамыз?  

Осы тұрғыда «сіз патриотсыз ба?» деген сұрақты  көпшілікке қойып көрдік.

Алмат Мамытбеков, мұғалім

«Патриоттық сезім туралы сөз қозғағанда кез келген адам өткен күні мен қазіргі жағдайын салыстырады. Шыны керек, Қазақстан тұрғындарының басым бөлігінде патриоттық сезім жоқ. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, адам өзінің күнделікті шығынының орнын толтыратын айлық алмайды. Орташа жалақы шамамен 60-70 мың теңгені құрайды. Бұл қаражат сенің қажеттілігіңді толығымен өтеуге жетпейді. Ал қаржы тапшылығын көрген адам сырт көзге мұңын көрсетпегінімен, іштей қынжылады. Бұл туралы әңгіме айтылып жатыр, бірақ мәселе шешіліп жатқан жоқ. Қаржы тапшылығын көріп отырған адамда, еліне деген сүйіспеншілігі болады деп айту күлкілі. Ондай адамда қандай патриоттық сезім болсын?! Жемқорлық туралы айтылады, бірақ нәтиже жоқ. Ал жемқорлыққа барған адамның еліне қалай жаны ашысын? Жоғары шенді қызметкерлердің пара алып, бірнеше рет ұсталып жатқаны жасырын емес. Мұны көрген қарапайым халықта үміт оты өше береді.  Ал елдің болашағы жастар дейміз. Дегенмен жоғары оқу орнында өзі қаламаған мамандыққа грант үшін түсіп, уақытын өлтіріп жүрген студенттерді көріп, көңілің тағы түседі. Ал өз ісін сүйіп істемеген маман елдің болашағын да ойламайды. Білікті мамандарды қалаймыз, бірақ тәжірибе аз. Жастардың басым көпшілігі шетелге асығады. Дұрыс та шығар. Олар да жеке басының болашағын ойлайды. Себебі бастапқы алатын орташа айлықпен күн көрудің мүмкін еместігін біледі. Айта берсек айтылатын наз көп. Ал патриоттық сезімнің шынайы болуы үшін халықтың сөзіне бір сәт құлақ түрген дұрыс болар... Мәселе тек сөзбен емес, іспен шешілсе шынайы патриоттар қатары көбейетініне сенімдімін»

Тілек Байсугуров, студент

«Бала кезімде патриот сөзі мен үшін ерекше болатын. Себебі ата-анам, мектептегі мұғалімдер «Сендер Қазақстанның патриотысыңдар. Шынайы патриот болу үшін, сабақтарыңды жақсы оқыңдар. Сабағын жақсы оқыған бала еліне адал қызмет етеді» деп айтатын. Өсе келе бұл сөздің мағынасын терең түсініп келемін. Мысалы, мен қазір патриот емеспін. Меніңше, жастардың арасында патриоттық сезімді қалыптастыру үшін, олардың да ойымен санасу керек. Қаншама жастар шетел асып, көп ақша табуды көздейді. Мен де осылардың қатарындамын. «Болашақ» бағдарламасымен оқуға барғандардың басым бөлігі неліктен сол жерде қалып жатыр? Себебі олар еңбегіне қарай ақысын алады, әділдік бар, әр қызметкердің ойы басшылық үшін маңызды. Адамда патриоттық сезім қалыптасып келе жатып, бірден өшіп кетуі мүмкін немесе керісінше аяқасты оянуы мүмкін. Біздің елде білімді, ойы ұшқыр, жалындап тұрған жастар өте көп. Тек олардың қатары азайып кетпесе болғаны. Өйткені алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді»

Түйін: «Патриот» сөзін әркім әрқалай түсінеді. Бірі мүлдем түсінгісі келмейді. Елінің дамуына үлес қосып, Қазақстанның атын әлемге шығарып жүрген шынайы патриоттар бар. Өсіп те келеді. Тек дәл уақытында қолдау көрсету керек. Шынайы патриот ұғымы сөзбен емес, іспен дәлелденетін сезім. Ана тілімізде ұялмай сөйлессек, жемқорлықтан аулақ болсақ, халықтың пікірімен санассақ елін шынайы сүйетін жастар қатары көбейетініне күмән жоқ.