Саясат

Астанада 7 млн теңгеге пәтер сатып алуға болады

"Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 364 пәтер беріледі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елордадағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі (ТҮҚЖБ) Орталық филлиалының директоры Жансұлтан Матаев биыл қалада «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 364 пәтер берілетінін айтты.

 

Бүгін ТҮҚЖБ бүкіләлемдік жинақ күніне орай арнайы пресс-тур ұйымдастырды. Шара барысында Жансұлтан Матаев журналистерге «Нұрлы жер» бағдарламасына аясында Мәңгілік ел даңғылы және №27 мен №36 көшелерінде (ҚР ПІБ автошаруашылығы жанында) салынып жатқан үйлерді көрсетті.

Осы орайда ТҮҚЖБ Орталық филлиалының директоры №227 (ҚР ПІБ МО емханасының жанында) көшесіндегі тұрғын-үйдің құрылыс біткенін, ондағы 364 пәтерді алдағы уақытта пайдалануға берілетінін атап өтті.

"Аталған тұрғын үйді салуға мемлекеттен шамамен 4 млрд 600 млн теңге бөлінді. 2016 жылдың күзінде тұрғын үйді салу бойынша тендер өтіп, оны «Эдем» ЖШС жеңіп алды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталды. Мұнда 364 пәтер бар. Сондай-ақ бүлдіршіндерге арналған шағын балабақша да қарастырылған. Ал 2019 жылы аталған бағдарлама бойынша 1825 пәтер пайдалануға берілмек", - деді Жансұлтан Матаев пресс-тур барысында.

 

Сонымен қатар ол мұндағы пәтерлердің бағасы нарықтық бағадан екі есе төменін жеткізді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған пәтердің бір шаршы метрінің құны – Астана, Алматы қалалары бойынша 180 мың теңге, басқа қалалар үшін 140 мың теңге. Мысалы, бір бөлмелі пәтердің бағасы шамамен 7 млн теңге», - деді басшы.

ТҮҚЖБ қызметкерлері №227 көшесінде орналасқан тұрғын үйде 1 бөлмелі 75 пәтер (37-40 шаршы метр), 2 бөлмелі 168 пәтер (48-58 шаршы метр), 3 бөлмелі 121 пәтер (72-78 шаршы метр) бар екенін айтты.

Сондай-ақ Жансұлтан Матаев аталған пәтерлер арнайы конкурс бойынша үлестірілетінін жеткізді.

«Қазіргі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған пәтерлердің иелерін анықтау бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде арнайы конкурс өтіп жатыр. Яғни банк салымшылары және әкімдікте пәтер алуға кезекте тұрған азаматтар үшін жеке конкурс ұйымдастырылуда. 6-қарашада конкурстың нәтижесі шығады», - деді ТҮҚЖБ Орталық филлиалының директоры.

Осы орайда ол «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер алу үшін ұйымдастырылған конкурстың басты талабын түсіндірді. Оның айтуынша, азамат міндетті түрде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болуы керек.

«Ол кемінде 3 жыл банкте ақша жинауы қажет. Конкурсқа құжат тапсырғанға дейін үміткерлер алғашқы жарнаның 20% жинауы шарт. Несиенің жылдық проценттік мөлшерлемесі – 5%. Егер азамат біздің банкте 7 млн теңге жинаған болса, пәтерді бірден сатып ала алады. Алайда пәтерге ақшасы жетпесе, олар алғашқы жарнаның 20% салып, пәтерді несиеге алуға мүмкіндігі бар. Конкурс әділетті өту үшін балдық жүйені енгіздік. Кім ақшаны уақытынды салса, соның балы жоғары болады. Бұл пәтер алуға мүмкіндікті жоғарылатады. Аталған бағдарлама бойынша пәтер алу үшін Астанада есепте тұру міндетті», - деп түйіндеді сөзін Жансұлтан Матаев.

Айта кетейік, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде астаналықтарға тиесілі 170 771 мың депозит бар. Жалпы елімізде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін 1,2 млн адам қолданады екен.

Осыған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында тұрғын үй бағдарламаларын сынға алған. Жиында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин елімізде бір бөлмелі пәтер 7 млн теңге тұратынын айтқан.

 Дереккөз: БАҚ