Weekend

Кітап ұрлау – қылмыс па?

Қоғамдағы белсенді тұлғалар не дейді?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ «ұрлық түбі – қорлық» дейді. Ұрланып келген зат, байлық ешқашан берекесін берген емес. Себебі, адал еңбек, маңдай термен емес, жеңіл жолмен, ұрланып келген кез келген құнды дүниенің бағасы болмайды.

Кітап ұрлау – қылмыс емес, ол рухан азық алу жолындағы еркелік. Иә, бұл пікірді кітап ұрлап жүрген жандар айтуға әуес. Дегенмен шынымен де кітап ұрлау дегеніміз қылмыс па әлде қылмыс емес пе?! Сұраққа жауап іздеу үшін қоғамға белгілі азаматтар мен ақындардан пікір алып көрдік.

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым:

Қадыр Мырза-Әлі ағамның аузынан естіген бір сөз бар еді: ұрлықтың бір ғана түрін кешуге болады: ол - кітап ұрлау деген. Өзім талай мықты интеллектуалдардың кітапханаларын көргем: олар маңызды, сирек деген кітап сөрелерін құлыптап отыратын. Бала кезімде кітап ұрлағаным бар. Есейе келе кітап иелерінен өтініп, шаршатып сұрап алатын өнер шығардым.Шыным осы.

Ақын, Ақберен Елгезек:

Ешқашан кітап ұрлаған емеспін және кітап ұрлаған адамды үлкен қылмыскер деп білемін. Кітапқұмар адам үшін кітап өте құнды дүние. Оны біреу жайбарақат ұрлайды екен де, оны білімпаздығымен ақтап алғысы келеді.Оқымысты болса, сатып алсын.

Қоғамға белгілі азамат, Мұртаза Жүнісұлы:

1982 жылы болу керек, Анкарада тұрған кезім, орта мектепті бітірейін деп тұрған шағым. Көршіміз Қапсан апама Советтік Қазақстаннан почта арқалы кітаптар келіп тұратын. Қазақстанға бару арманым еді. Қапсан апама келетін кітаптарды ешкім оқымайтын да, небары 4-5 үй ғана қазақпыз, үлкен кісілер кириллицаны оқи алмайды, жастарда қызығушылық жоқ болды. Ал апамыз Қазақстаннан келген кітаптарды ешкімге бермейтұғын, құдды бір жəдігер сияқты сақтап қоятын, анда санда қонақ келгенде көрсетіп тұратұғын. Сөйтіп, апамның кітаптарынан бірнешеуін біздің үйге əкетіп алғаным бар. Ақын Жұбан Молдағалиевтің "Байқоңыр баспалдақтары" деген бір кітабын алып алдым, жұқа һəм кішкентай кітап еді, мұқабасы ақ-қара түсті, соны оқып, қатты қызықтап кетіп едім...

Журналист, блогер Өркен Кенжебек:

Кітап ұрлағанмын. Және көп-ақ. Ауылда, мектепте оқып жүргенде кітапханадан талай кітапты көкірекшеміздің астына басып, ұрлап кететінмін. Ең есімде қалғаны - Металловедение деген суреті көп кітап және Энциклопедический словарь юного техника деген қалың том.

Журналист, Нұрбек Бекбау:

Кітап ұрламаппын. Ешқашан. Себебі біреу оны әзер дегенде тапқан болуы мүмкін. Жеке қолдан ұрламағам. Ал кітапханадан? Жооо, кітапханадан қазір ұрласаң, ең азы айыппұл, қылмыс қой. Ұрламаппын.