Саясат

Қазақ даласынан шыққан ұлы тұлғалар Үндістан жерінде де билік құрған

Әйел билеуші

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ХІІІ ғасырда құрылған Дели сұлтандығын қыпшақтардың арасынан шыққан әйел билеуші де басқарған.

Оның есімі – сұлтан Разия. «Бабалар ізімен» ғылыми-тарихи экспедициясы осы даңқты билеушінің мазарына  барып, зерттеу жұмыстарын атқарып қайтты.
Сұлтан Разия Солтүстік Үндістан жерінде 1236-1240 жылдары аралығында билік құрған. Ол – Дели сұлтандығын басқарған бесінші билеуші. Оған дейін сұлтандықты басқарған даңқты Шамса-ад-дин Елтұтмыштың ұл балалары болса да, ол өз орнына қызы Разияны қалдырып кетеді. «Себебі ол қайсар мінезді, жан-жақты білімді және ел басқаруға толықтай лайық еді» деп жазады үндістандық тарихшылар. «Бабалар ізімен» экспедициясы осындай мамандармен кездесіп, сұлтан Разия туралы тың мәліметтер жинап қайтты. Сондай тың деректердің бірі ретінде сұлтан Разияның ақындық қыры мен поэзияға жақындығын айтуға болады.
Амита Паливал, Дели университеті тарих факультетінің профессоры:
- Сұлтан Разия шығыс халықтарына тән бәйіт дәстүрінде өлең шығарған. Ол билеуші, әскери адам болса да жан-жүрегі сұлулыққа жақын, өнерге құштар адам болған. Сұлтан Разия –сөзсіз тарихи тұлға. Оның билікке тағайындалуы сол замандағы революциялық жаңалық болды.
Сұлтан Разия – мұсылман әлеміндегі тұңғыш әйел билеуші. Ол – қазақ даласынан Үндістанға барған көшпенділердің ұрпағы. Бүгінде оның мазары Делидің мұсылмандар тұратын кварталында орналасқан. Сұлтанның жерленген жерінде шағын мешіт бар екен. Оның қабірінің басына басқа билеушілердікі сияқты үлкен мавзолей салынбаған. Бірақ  мұнда күн сайын Құран оқылып, бес уақыт намаз үзілмейді. Экспедиция мүшелері Делиде бұдан бөлек тағы бір тарихи тұлға Гияс ад дин Балбанның кесенесіне де арнайы ат басын бұрды. Бұл билеуші  қыпшақтардың елбөрі деген тармағынан шыққан әрі 1246 және 1266 жылдары Дели сұлтандығын 20 жыл бойы басқарған. Ол мемлекетті күшейтіп, көптеген реформа жасаған. Бүгінде Балбанның кесенесі Делидегі Мехраули тарихи кешенінде орын тепкен.
Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен»экспедициясының жетекшісі:
- Менің оң жағымда Қыпшақ әулетінің тоғызыншы сұлтаны, аруақты бабамыз Балбанның жатқан жері. 1287 жылы қайтқаннан кейін осы араға келіп жерленген. Сол жағымда тұрған михраб, ал сол жағында – мавзолей. Өкінішке қарай, мұның жағдайы онша емес. Жөндеу керек, күрделі жөндеуден өтуі керек. Ал енді Қазақстандағы патриот жігіттер осы жердің жөндеуіне қатысамын, инвестиция жасаймын десе, өте жақсы болар еді.
«Бабалар ізімен» экспедициясының мүшелері осы тарихи тұлғалар туралы деректі фильм жасаған үндістандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен де кездесті. Үндістандық телепродюсерлер мен публицистермен келешекте бірігіп жұмыс жасау көзделіп отыр.  Олардың айтуынша, ортақ тарихи тұлғалар екі елдің байланыстарын нығайта түспек.
Раджат Кайн, телепродюсер:
- Тарихтың кез келген дәуірі үнді халқы үшін маңызды. Соның ішінде Мәмлүк династиясы мен Дели сұлтанаты да ерекше кезең. Разия сұлтан мен Гияс-ад-дин Балбан Үндістанда көптеген реформа жасаған. Олар салық жүйесі, әскери сала, әкімшілік басқаруға қатысты болды. Және бұл өзгерістер өте пайдалы болған. Сондықтан бұл тұлғаларды кеңінен насихаттау қажет.
«Бабалар ізімен» экспедициясы үнді елінен көптеген тың тарихи деректер тапты. Және экспедиция мүшелері Дели сұлтандығы мен Моғол империясын қоса есептегенде Үндістан тарихында 500 жылдық  түркі және қыпшақ кезеңі бар деген қорытындыға келді. 
 

Дереккөз авторлары: Саят Жөкенұлы, Қуаныш Қожабеков, Арман Данышбаев