Weekend

Жігіттердің неге ұсақталып бара жатқандығы белгілі болды

Жатып ішер жалқаулардың да қарасы молайып бара жатыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Соңғы кездері жігіттерге көп сын тағылып жүр. Осы орайда «Қайратты да қайсар ұландарымыз, неге ұсақталып бара жатыр?» деген сауал туындайды. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен…

Мақаламыздың түйінін тарқату үшін жігіттердің әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеуден бастасақ. Қалыптасқан үрдіс бойынша, әрбір ер азамат үшін әскери тәртіпті көзбен көріп, ыстығы мен суығына төзіп, борышын өтеу – міндет. Алайда, бүгінгі жастардың жартысы әскери тәртіп пен сарбаздық өмір дегенді көрмеген. Басым бөлігі Отан алдындағы парызын тамыр-таныспен өтеп жататыны жасырын емес. Бұл қалыпты жағдайға айналғалы да талай уақыт өтті. «Балам оқуын оқып жатыр, үйленген немесе денсаулығы келмейді» деген секілді көптеген сылтаулар ата-ана үшін де әскерге бармаудың дәлелденген жолы іспеттес. Оған қоса 2012 жылдан бастап, мобильді резервті ұлғайту мақсатында 22-27 жас аралығындағы әскерге бармаған ер азаматтар ақылы 40 күндік әскери оқу бөліміне түсіп, жеке қаржысына әскери билет ала алатыны мәлім болған.

Екінші мәселе, қазіргі күні айналаңда қаптап жүрген көгілдірлер. Дабыл қағатын-ақ жағдай. Батыстан мәдениет үйренем деген қазақ қоғамы оның жақсы-жаманын іріктемей бойына сіңіріп келеді. Рухани тұрғыдан әбден азғындаған Батыстан «жұққан» гомосексуализм індеті еліміздің бас ауруына да айналуы мүмкін. Қыз бен қыздың, жігіт пен жігіттің көңіл жарастырғанын бұрын тек шетел киноларынан көрсек, бүгінде саябақтар мен түнгі клубтардан қиналмай кездестіретін дәрежеге жеттік. Бірде ғаламторда Нұрлыбек есімді қазақ жігіті: «Мен өзімді ер адамның кейіпінде емін-еркін сезіне алмаймын. Сондықтан, жынысымды ауыс­тырып, еркін өмір сүргім келеді», — деген болатын. Ал белгілі әнші, ­Меруерт Түсіпбаеваның «Ел аузында» бағдарламасында айтқан сөзі мұны дәлелдей түскендей сыңайлы. Ол: «Мен шоу-бизнес ортасында жүргеннен бе, жанымды қоршаған еркектердің барлығы көгілдір. Нақтырақ айтар болсам, 80 пайызы», – деген-ді.


Үшінші мәселе, заман ағымымен өмір сүреміз, заманға сай киінеміз деп ұлттық құндылықтарымызды кей жігіттер ескермей жүргендей. Жауырыны тоқпақтай, иығы қақпақтай Қабанбай, Наурызбайлардың бүгінгі ұрпақтарының бейнесіне қарап, қарның ашады. Қасын жұлып, шашын өсіріп, құлағына сырға тағып, сәнденіп жүретін жігіттердің бары рас. Тарих беттеріндегі мәліметке сенсек, ертеректе сырғаны римдіктер құлдарға таққан болса, гректерде жезөкшелікпен айналысатын ерлер тағып жүрген көрінеді. Осыны ескерсек, қазақ жігітінің негізгі қаруы – жүрек пен білек, ақыл-ой, парасат-пайым болуы уәжіп.

Төртінші мәселе, туылған сәбилерінен бас тартып, «көкек әке» атанып жүрген ерлер. Мұны елдегі 100 мыңға жуық балаға төленбеген алимент саны дәлелдеп отыр. Соның ішінде баласынан бас тартқан 13 мыңдай әке тек бір Алматыда өмір кешіп жатыр екен. Ана мен бала тағдыр толқынында қанша арпалысқанымен, әкенің орны бөлек қой. Ол олқылық ертең көрінбей тұрмайды. Мүмкін, әкесінен заң жолымен өндірілген алимент баланың жекелеген материалдық қажеттіліктерін өтеуге жетіп те қалар, дегенмен рухани қажеттілігін, жан-дүниесінің ойсырап тұрған жетіспеушілігін бүтіндей қоймасы анық.

Бесінші мәселе, жалқау жігіт. «Екі қолға бір күрек табылса» деп алақанына түкіріп отыратын, жұмыс көрсе жапырып тастайтын азаматтар ел ішінде аз емес. Алайда, жатып ішер жалқаулардың да қарасы молайып бара жатыр. Қазақтың бұл «тірлігі» бүгіндері қоғамдық пікірдің талқысына түсіп те жүр. Жасыратыны жоқ, атан жілікті жігіттердің осы күні қазан-табақтың шаруасына араласып, қара базарларда қаңғып жүргенін немесе әйеліне ала қапты арқалатып қойып талтайып төрінде жатқанын да білеміз. Жігіттің ең сорақысы қолынан ештеңе келмейтін, халықтың ықыласына бөлене алмаған жігіттер қауымы десек те болады.

Біздің мақсат жігіттердің намысына тию емес. Қазақ жігіті деген атқа сөзі де, өзі де лайық болса деген ниет қана. Сондықтан да «жігіт» деген болмысымыздан алыстамайықшы.