Weekend

Башқұрттың арғы тегі – қазақ

Жайықтың ар жағында жатқан башқұрт елі бізге тіптен жақын екенін білеміз бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
«Өзбек – өз ағам», «Қырғыз-қазақ – бір туған» дейді қазақта. Бұл мәтелдер түбі бір түркі екеніміздің айғағы. Ал Жайықтың ар жағында жатқан башқұрт елі бізге тіптен жақын екенін білеміз бе? "Баш" – бас, "құрт" – қасқыр. Яғни ол түркі жұрттары ішіндегі жауынгер халықтың бірі болған. Отарлау саясатынан жойылып кете жаздап, татарлармен сіңісіп кеткенін білеміз. Ал енді қазаққа қаншалықты жақын? Бірен-саран деректер болмаса, бұл жөнінде мардымды ақпарат жоқ. Ендеше, осы олқылықтың орнын толтыруға тырысып жүрген Нияз Алсынбаев деген башқұрт қаламгерін әңгімеге тартуды жөн көрдік. Қазақ тарихын башқұрт тарихымен ұштастыра зерттеп жүрген ол «Алпамыс. По следам одной легенды» деректі фильмін түсіріп, башқұрттарға қазақты танытып жүрген жайы бар. 2013 жылы «Киелі көк бөрі ұрпақтары» атты кітап шығарған.
 
«Башқұрт пен қазақ ертеден көшпелі, жауынгер халық екені белгілі. Қазақ халқы өз алдына хандық құрған, ал башқұрт хандығы болмаған. Көшпенді халықтар осы жерді ежелден мекен етіп, ауылдар, біріккен рулар одағы ретінде ғана болған. Башқұрт халқын қалыптастырған негізгі жеті руды атауға болады, олар – бөрізан, өсірген, тама, тунгаур және қыпшақтан тараған үш ру. Алайда, шынтуайтына келер болсақ, башқұрттың ұлт ретінде қалыптасуында Кіші жүз қазақтарының рөлі зор. Кейіннен қайта жазылған башқұрт шежіресінде ол туралы айтыла қоймайды. Саяси цензура солай. Осы кітапты жазу барысында көп іздендім. Башқұртстан радиосында журналистік қызметте жүргенде Мұрат Шекебаев деген қазақ әріптесімнің тигізген көмегі ұшан-теңіз болды. Бүгінде ол кісі бақилық болып кетті. Қазақ ауылдарын аралап, шежіреші ақсақалдардан сұрастыра келе, башқұрт халқына ең жақын қазақ халқы екеніне көзім жетті. Қазақ тарихшыларының біраз еңбектеріне сүйене отырып, «башқұрттың негізгі шығу тегі қазақ халқынан бастау алады» деген қорытындыға келдім. Қазақ рулары осы өңірге қоныс аударып, фин-угор ұлттарымен ассимиляцияға түсіп, башқұрт деген ұлт қалыптасты. Алайда белгілі себептермен уақыт өте келе, бұл тек аңыз болып қалды», – дейді Нияз Алсынбаев.
Жалпы, башқұрт халқы көп ұлттармен ассимиляцияға ұшыраған. Орыстан басқа да көрші ұлттар башқұрттарды отарлағысы келген. Тек қана қазақтар ондай ашкөздік танытпаған. Сондықтан болар, башқұрттарда өзге ұлттарға қарата айтылған қағытпа мақал-мәтелдер кездеседі, тек қазақ халқы жөнінде бірде-бір жағымсыз сөз ұшыраспайды. Ендеше, осының өзі дос пейілдің, тығыз қарым-қатынастың белгісі емес пе?!
 
Башқұрт пен қазақ халқы көшпенді өмір салтын кешкен. Көшпелі халық тұрмысында барымта, қарымта деген де болып тұрады ғой. Сондай бір барымтада башқұрттың өсірген руының жігіттері көршілес арғын ауылдарына аттанып, бір түннің ішінде бір үйір жылқысын айдап кетпесі бар ма? Сол үйір жылқымен бірге Мәмбет деген жылқышы баланы да малайлыққа алып кетеді. Күндердің бір күнінде әлгі бала ерекше қасиетімен көзге түсіпті-мыс. Түнде жарқырап, сәуле шашады екен. Таң-тамаша болған өсірген руы ол баланы киелі санап, өз алдына мал салып, содан ол ауылдың құрметті тұрғынына айналады. Кейіннен сол Мәмбеттен тараған ұрпақ бүгінде башқұрт ұлтының тең жарымын құрап отыр. Жергілікті башқұрттармен сіңісіп кеткенімен, өздерін «қазақтан тарағанбыз» дейді. Мәселен, Башқұртстанның оңтүстігінде Хайбуллин ауданында Дереклі, Мәмбетово, Қалтай, Сағитово, Таңатар деген ауылдың тұрғындары сол Мәмбеттің ұрпақтары. Өздерін башқұрт санағанымен, есімдері, тектері қазақша. Уфаның гүлденуіне атсалысқан Рамиз Есенқұлов, Уфа мэрінің орынбасары болған Мифтах Мәмбетов, «Салауат Юлаев» сыйлығының иегері, ақын Қадим Аралбаев – сол Мәмбеттің ұрпақтары. Тектерінің өзі-ақ қазақ екендерін айтып тұр емес пе?!
Сонымен, өткенге қайта оралсақ. Қазақ пен башқұрт ауылдары арасында ұсақ қақтығыстар болып тұрғанымен, қыз алысып, қыз берісіп, төс қағысқан құда да болды. Құдандалы туыс болған соң, жақын тұрды, ауыл халқы араласып жатты. Содан болар, башқұрттар арасында керей, найман, тама, табын, қыпшақ, қытай рулары көптеп кездеседі. Оны Шәкәрімнің жазбаларынан-ақ көруге болады ғой. Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің «Түркі, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» кітабында былай деп жазады: «Башқұрт бұрынғы заманда финно-угор халқымен араласып кеткен түрік нәсілі деп араб жазушылары айтады. Олар 1723 жылы «ақтабан шұбырындыдан» соң қазақтан бөлініп барып, ондағы татарлармен араласып кеткен. Башқұрттың таптары – минский (бұл мыңғыт деген қалмақ болып қалған, тоғайлы елі атанған татардан) және табинский (бұл Кіші жүздегі табын, қыпшақ, тама, қытай, керейлерден) және таздар, қырғыз. Осы жоғарғы аттарға қарағанда, башқұрттар қазақ екенін һәм әр рудан қосылғанын білерсіз».
Жазушының айтуына қарағанда, бүгінгі башқұрт халқының басым бөлігін құрап отырған кезінде осы өңірде қалып қойған қазақтар екен. Пугачевтің шаруалар көтерілісінде башқұрттардың қолбасшысы болған Салауат Юлаевтың мың шақты әскерін Кіші жүз қазақтары жазалаушы отрядқа ұстатпай, жан сауғалатқан. Бұл деген ең жақын бауырлардың бір-біріне жасайтын қамқорлығы ғой.
 
Нияз Алсынбаев былай дейді: «20-30 жылдардағы ашаршылық кезінде біраз қазақ башқұрт ауылдарына жан сауғалап қоныс аудара бастады. Көбі сонда тұрақтап қалды. Варваринка деген ауыл бүгінгі таңда мал шаруашылығымен жақсы танымал. Ал соның қазақ ауылы екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Осындай бауырластық қарым-қатынас ғасырлар бойы жалғасын тапты. Мысалы, Уфадағы Ғалия медресесі талай қазақ жастарының сауатын ашты, осы шаһар Алашордаға бас қосар құтты орын болды. Зәки Валиди мен Әлихан Бөкейханов Орынборды ортақ астана қылып, башқұрт-қазақ біртұтас автономиясын құрмақшы болған. Алайда бұл ой орталыққа ұнамады да, сәтсіздікке ұшырады. Мұндай жақындасу саяси жағынан қауіпті болып, екі ұлтты айыруға тырысты. Содан бастап башқұрттардың қағазға түскен аңыз-деректерін түгелдей сүзгіден өткізіп, қайта жазғызды. Сонымен не керек, ақыры өз дегендеріне жетіп, екі халықты ежелден ерегісіп келген ата жау ретінде көрсетті. Тек қазір ғана сөз бостандығына қол жеткен күн туғандықтан, «башқұрттардың арғы тегі – қазақ» деп үлкен сеніммен айта аламын. Қазір «Естек батыр» деген роман жазу үстіндемін. Сол романда башқұрт-қазақ қатынасы жайлы тарихи танымы мол дүниелерді жарияламақпын. Қазақстанда да шығару ойымда бар. Өткен күннің дүрбелеңімен алыстап кеткен қос ұлттың етене жақын болғанын таныту бүгінгі біздің парыз ғой».
 
Кеңестік цензура көптеген ұлттық дүниелерді құртып жіберді. Ал Нияз Алсынбаев болса осы жоғалған дүниелерді қайта жаңғырту ісінде ізденісті тоқтатпаймын дейді. Бауыр тартып тұрса, ішің жылымай қайтеді?! «Аға» деп тұрса, башқұртты қалай бауырым демейсің?! Тарих – өткен күннің куәсі. Ал сол өткеннің шындығын ашу – уақыт еншісінде. Ендеше, тарихымызды түгендеу жолындағы ізденістің үлкені әлі алда.
 
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТОВ