Саясат

«Кезегім жеткенде, сізге баспана берілмейді» : Жалғызбасты ана Баталовтан көмек сұрады

14 жыл бойы пәтер күтіп, әділетсіздікке тап болған жалғызбасты ана мұңын шақты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Талдықорғанда пәтер кезегінде бірінші болып тұрған Ырысбубл Естемесова Амандық Баталовтан көмек сұрады. Ол 14 жыл бойы пәтер күтіп, дәл кезегі жеткенде тізімнен аяқ астынан шығып қалған.

Ырысбубл Естемесова 14 жыл бұрын мүгедек баласы бар ана ретінде пәтер кезегіне тіркелген. Бірақ 4 жыл бұрын сал ауруына шалдыққан баласы кенеттен қайтыс болыпты. Жалғыз баласынан айырылған ана Талдықорған қалалық тұрғын үй бөліміне баласының қазасы жөнінде жазбаша хабар берген. 

«Өтінішімнің бәрінде көрсеттім. Балам қайтыс болды. Мен үйсізбін. Үй маған осы санатта беріледі ме, берілетін болса  қашан беріледі деп жаздым. Ол жақтан Нұрлан Қыстаубаев өтінішке жазбаша  жауап  берген. Хаты қолымда. Кезегіңіз бойынша аласыз деді. Ал енді дәл кезегім жеткенде сіздің балаңыз қайтыс болған. Сізге баспана берілмейді деп шықты. Сонда 2015 жылдан бері Талдықорған қаласының ТҮКШ бөлімі қайда қарады. Солардың салғырттығы салдарынан мен енді баспанасыз қалдым. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтан жалына көмек сұраймын. Мына әділетсіздікке көмектесіңізші», - деді  жалғыз баласынан айырылған ана Ырысбубл Естемесова.

Ырысбубл Естемесова баласы қайтыс болғаннан кейін  де жылда пәтер кезегінің жылжып жатқандығы жөнінде анықтама алып отырған. Ал осы анықтаманы пәтер кезегі бірінші болып жеткенге дейін Талдықорған қалалық ТҮКШ бөліміндегілер  беріп келген. 

«Заң бойынша баланың қайтыс болғандығы жөнінде анықтама  алып келді ғой, сол кезден бастап бұл кісіні кезектен алып тастау керек. 2015 жылдан 2019 жыл аралығында баспана кезегіне қайта тұрсам кезегім осы уақытта біршама жылжитын еді деп  бұл кісі наразылығын айтып тұр. Сол себепті, мәселені  түсініп  бұл кісінінің мәселесін арнайы комиссияның қарауына ұсынамыз», - деді  Талдықорған қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі  Данияр Оразов.

Алматы облыстық ауруханада  медбике болып жұмыс істейтін  Ырысбубл Естемесоваға пәтер беріледі ме енді арнайы комиссия шешетін болады.  Ал Талдықорған қалалық тұрғын үй бөліміндегілердің салғыртығы салдарынан сан соғып қалған жалғызбасты ана әділетті шешім болатынына үмітті.

inform.kz