Саясат

Волонтер 2.0

Массовкаға шыққанның үшін, енді ақша алатын боласың. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекованың бүгінгі Үкімет отырысынан кейінгі пресс-конференциясында айтқан әңгімесін, тақырыбына қарап солай түсіндім. Біздің қоғам дәл солай мәтіннің тақырыбын ғана оқып, бай-балам салады емес пе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com


Еріктілер 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, оқуының төлемақысын волонтерлік қызмет көрсетіп, өтей алады. (Дәл осы бағдарлама 5 жыл бұрын қолданысқа енгенде – менің 2 млн теңгем қалтамда қалатын еді. Себебі «Студенттер Сенаты» атты ұйымда 3 жыл бойы тегін волонтерлік қызмет еттім). Бүгінде волонтер ұғымының Қазақстан қоғамында абыройы түскен. Оның себебі, билік волонтерлер деген атаумен жастарды түрлі саяси ойындардың құрбаны етті. Студеттерді түрлі іс-шараларға «өз еркімен» келді деген анықтамамен көк «кепка» мен көк жалауды қолдарына беріп, күннің ыстық-суығына қарамай, келесі жылғы жатақханасын есіне салып, ұстап тұрды.

Негізінде волонтерлік қызмет өркениетті елдерде аса абыройлы, мақтаулы іс. Волонтер – ерікті деген мағынаны береді. Яғни ерікті түрде қоғамдағы орын алған мәселеге өз көмегіңді тигізу. Мысалы, кешегі Арыста орын алған оқиғаға халықтың жаппай көмек қолын созуы осы волонтерлік іс. Немесе аудандық, қалалық, республикалық һәм халықаралық іс-шараларда, спорттық жарыстарда ерікті ретінде қызмет ету. Қазақстан жастары 2017 жылғы Алматыда өткен қысқы Универсиада мен сол жылы өткен Астанадағы Ехро көрмесінде волонтерлік қызмет көрсетудің озық деңгейін көрсеткен болатын.

Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Қазақстан волонтерлерінің жылы деп атауды қолдаған болатын, ал бүгінгі Жұлдыз ханымның ұсыны осы идеяны іс жүзінде жасалуының ең озық үлгісі деп санаймын. Жоғарыда айтқандай енді волонтерлер өзінің ерікті қызметі үшін, оқуының төлемақысын азайта алады. Бұл әлеуметтік мәселенің де шешілуіне көмек емеспе. «Бір оқпен екі қоянды ату» - деп қазақ осыны айтса керек.

Бұл жұмыс қалай жүзеге асады?

Студент өз қаласында орналасқан волонтерлік ұйымға мүшелікке өтеді. Сосын ол волонтерлік қызмет түрін таңдайды. Оның волонтерлік қызметі оқыған мамандығына сәйкес болуы шарт. Яғни волонтер мектепке дейінгі білім беру мамандығында оқитын болса, оның волонтерлік етітін орны балабақша болуы керек. Оңай тілмен айтқанда, студент 1 курстан бастап іс-тәжірбиеден (практикадан) өтеді. Демек, мұғалім болатын студент, робот жасайтын цехте волонтерлік қызмет жасамайды. Оған қоса, ақылы оқыған жағдайда оқуының төлемақысын жеңілдете алады. Бұл бағдарламаға – Жастар жылында қабылданған ең үздік жоба атты номинацияны, бүгін ұсына беруге болады. Бұл үнемі жастар саясатын сынап жүрген мені, қуантқан жаңалық болды.