Hi-Tech

Жеке куәлікті саусақ таңбасы алмастырады

Қазақстанда алдағы уақытта елордалықтар мен алматылықтардың саусақ таңбасын жинау басталады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Астана мен Алматы тұрғындары 2018 жылғы желтоқсан айында арнайы белгіленген бірқатар халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) барып, оң және сол қолдарындағы екі саусағының таңбаларын тапсырулары керек. Қазақстандықтардың саусақ таңбасын жинау кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ. 

Ел үкіметі электронды цифрлық қолтаңбаны осы биометриялық деректермен алмастыруды ойластыруда. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың түсіндіруінше, Қазақстанда биометриялық параметрлердің ортақ, бірыңғай тұғырнамасын түзу қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтер көрсетуді жеңілдетуге тиіс. «Біз мұны пилоттық режимде биылғы жылдан бастап ендіруге кіріспекпіз. Бастау үшін екі қала – Астана мен Алматы таңдап алынды. Желтоқсан айында егжей-тегжейін хабарлаймыз: азаматтар белгілі бір ХҚКО-ларға барып, өз қалауы бойынша жеке басының биометриялық деректерін тапсыра алады. 

Біз бүгінде екі биометриялық көрсеткішті анықтадық. Оның бірі – адамның кәдімгі фотобейнесі болса, екіншісі оң және сол қолдарындағы екі саусақтың таңбасы болады», – деді Абылайхан Оспанов. Мемлекет осы арқылы елдегі және кейін шетелге кететін барлық азаматтардың саусақ таңбасына қол жеткізеді. Ал бұдан қарапайым адамға келер қандай пайда бар? Барлық ХҚКО-лардың үстінен қарайтын, әрі мемлекеттік қызметтер көрсетуді орталықтандыруға жауапты «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясының басшысы саусақ таңбаларын тапсырған адамдар болашақта өздерімен бірге ешқандай құжат тасымай, осы табиғат берген «қолтаңбасы» арқылы кез келген жерде мемқызмет алу мүмкіндігін иеленетінін айтады. «Олар осы параметрлері арқылы авторизацияланып, электронды мемлекеттік қызметтер ала алады. Осыған қажетті құрылғылар қоғамдық қолжетімділік пункттерінде, электронды үкімет порталында, сондай-ақ ХҚКО-ларда болады», – деді Абылайхан Есенұлы. 

Ол қазір eGov порталынан қызмет алу үшін авторизацияланудан өту, жеке тұлғаңызды сәйкестендіру талап етілетінін еске салды. Мәселен, ЭЦҚ немесе бір реттік пароль енгізу қажет. «Авторизация процесі үшін биометриялық параметрлер пайдаланылатын болады. Ал мекенжайлық анықтама, соттылығының жоқтығы туралы анықтама және басқа да халық арасында кең танымал қызметтер үшін авторизация қалады. Сізге SMS-пароль келеді, оны енгізесіз де, мемлектеттік қызметке қол жеткізесіз. Бірақ ол заңнамаға өзгерістер енгізілгенше солай болады. 

Бүгінде заңнаманы өзгерту бойынша жұмыс жүргізілуде. Содан кейін қазақстандықтарға өз биометриялары көмегімен де мемқызмет алуына жол ашылады», – деді мемкорпорация басшысы. Ол биометриялық деректер тек мемлекеттік қызмет көрсетуге ғана жарамайтынына, кейін ол басқа да салаларға ендірілетініне сенімді. Мәселен, Абылайхан Оспановтың айтуынша, «азаматтардың саусақ таңбаларын тапсыруын екінші деңгейлі банктер күтіп отыр». Расында, кейінгі кездері алаяқтардың әлдебіреудің жеке куәлігін пайдалану арқылы салымдардағы қаражатты сыпырып алып кетіп, банктерді тақырға отырғызуы жиіледі. Бұл жағдайда зардап шеккен клиенттің бар қаржысын банк қайтаруға міндеттелетіні мәлім. Сондықтан қаржылық ұйымдар үшін депозиттегі ақшаны беруде клиенттің тиісті құрылғыға саусағын басып, тұлғасын растауы маңызды болса керек. «Азаматтарға арналған үкімет» жетекшісі бұдан бөлек, онлайн несиелендіру, қаржы аудару секілді коммерциялық қызметтер белсенді өркендеп жатқанын, олардың бәрінде адам тұлғасын қашықтықтан растау қажет болатынын айтады. Тағы бір қолданыс саласы – «онлайн-рецепттер» болмақ. Міндетті медициналық сақтандыру енгізілген соң, қазақстандықтар тегін дәрі-дәрмекке электронды рецепттер ала бастайды. Сонда сырқаттар дәріханаларда дәріні бөтен біреу емес, өзі алатынын биомәліметтері арқылы растай алады. «Біз бұл үрдіске дайынбыз деуге де болады. Тек ендіру ғана қалды. Бұл үшін қандай да бір психологиялық кедергілерді еңсеруіміз керек. 

Біз сұрау салдық, сауалнама жүргіздік, әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, азаматтардың біразы өз саусақ таңбаларын тапсыруды қаламайды. Сондықтан бұл іс ерікті болады. Ешкім де азаматты өз биометриялық мәліметтерін тапсыруға күштей алмайды. Ал тапсырғандарының мәліметтері «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның (NITEC) деректер базасында сақталады. Оларды қорғау қауіпсіздіктің барлық деңгейлеріне жауап береді», – деп уәде етеді Абылайхан Оспанов. Оның хабарлауынша, мемлекет бұл шараға бюджеттік шығын шығармайды. Жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты бойынша инвестор жүзеге асырмақ. Өйткені бұл жоба коммерциялық банктердің, басқа да ұйымдардың қосылуы, қызметіне жүгінуі арқасында мол табыс әкеледі. Кейіндері мемлекет қазақстандықтардың жеке куәліктерін саусақ таңбасымен ауыстыруды да көздеп отыр. Әйткенмен, сарапшылардың айтуынша, қолданыстағы заңнама өзгертілмей, саусақ таңбасын барлық қазақстандықтардан жаппай жинауға мемкорпорация кірісе алмайды екен. Сондықтан әзірше тек екі бас қалада пилоттық жоба ретінде және тек ерікті негізде ғана сынақтан өтпек. Ары қарай бүкіл елімізге таралуы немесе міндетті сипатқа ие болуы үшін тиісті жаңа заң қабылдануы керек. «Биометрия барлығын ауыстыруға қабілетті. Яғни, сізге бұрынғыдай құжаттардың көбін өзіңізбен тасып жүру қажет болмай қалады. Мәселен, әлдебір ғимаратқа кіру картасын алайық. Қазір бет-жүзді тани алатын бейнебақылау камералары бар. Саусақ таңбаңызбен бірге фотобейнеңізді тапсырсаңыз, сол камералар сіздің тұлғаңызды бірден растайды. 

Біз пилотты цифрлық ХҚКО-да іске асыруды жоспарлаудамыз. Егер сіздің фотобейнеңіз базада болса, орталыққа келгенде, куәлігіңізде ұсынбай жатып, сізге жеке қайырылады: «Саламатсыз ба, пәленше түгеншеұлы, қош келдіңіз!» дейді. Елді елең еткізетін осындай жаңалықтарды ендірмекпіз», – дейді Абылайхан Оспанов. Айтқандай, халықтың саусақ таңбаларын жинау осы айда-ақ басталып кетті деуге келеді. Осы айдың басында Астанада өткен Digital Bridge халықаралық форумында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен мемкорпорацияның бірлескен стендінде биометриялық деректер негізінде мемлекеттік қызметтер көрсету жобасының тұсауы кесілді. Сол жерде көңілі қалаған қазақстандықтарға фотобейнесі мен саусақ таңбасын тіркеу ұсынылды. Алайда қанша адамның бұған барғаны хабарланбады. Бұл жобаны қазір ішкі істер министрлігі ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, әуежайларда ендіріп жатқан көрінеді. Сарапшылар саусақ таңбасымен жұмыс істеу бизнес секторда біраздан ендірілгенін еске салады. 

Мәселен, Астана, Алматы, Павлодар секілді бірқатар қалаларда жеке балабақшалар, ағылшын тілін үйрету орталықтары және басқалары келушілерден алдымен саусақтарын басып, жүйеде тіркелуін талап етеді. Саусақ таңбасын мемлекеттік деңгейде жинау Англия, Швеция, Қытай сияқты елдерде енгізілген. Үндістанда биометриялық көрсеткіштерін қалдырып, саусақ таңбасы арқылы төлем төлеу, транзакциялар жүргізу мүмкіндігіне 1,2 миллиард адам ие болған.

Дереккөз: Атамекен бизнес