Саясат

Асқар Жұмаділдаев қазақтар не үшін басқа ұлттардан қалып кеткенін айтты

Технократтық елге айналмай қазақ ел болмайды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Ұлттық намыс, ұлттық рух» деген сөзді қазақ көп айтады. Мұның барлығы технократтық реформа болмай, бос сөз болып қалады.

Рух деген не өзі.

«Ойбай, рух қайда?» деп сіз күніге жүз рет айқайлаңыз. Не өзгереді?

Бір бес минутқа сіздің рухыңыз көзін ашар, «әй не болып қалды, бұл не шу?» деп. Содан кейін қайтадан қалың ұйқыға кетеді. Рухыңыз ұйықтамай, мүлгімей, сергек жүру үшін оның артында бір тірек болу керек. Бұл тірек технократтық.

Яғни, қазақты өзгелерге мойындататын өзінің жасайтын бірдеңесі болу керек.

Қазақ деген ақылды халық. Мінекей, жасаған заттарын қараңыз дегізетіндей.

Мысалға, жапондық сапа дейтін ұғым бар. Ол не? «Тойотаны» айтайық. Оны жұрттың барлығы алады. «Сониді» айтайық. Оған деген сұраныс сұмдық. Жапон компьютер жасаса бүге-шігесіне дейін керемет қылып, түбін түсіре жасап шығады. Сондықтан, жапондық өнімге жұрттың барлығы басын иеді.

Тағы бір мысал. Жапонның жазушысы мықты дейді.

Мураками дейтін қаламгер бар оларда. Қазақта Дулат Исабеков дейтін жазушы бар. Салыстыра түссек Дулат ағамыздың таланты Муракамидің талантынан асып түспесе, еш кем емес.

Бірақ, жұрттың барлығы Муракамиді біледі, Дулат ағамызды қазақтан өзге ешкім білмейді. Неге олай?

Бұл жерде тағы да Абайға оралуымыз керек. Шәкәрім қажы «Ибраһим мырза хәкім еді. Данышпан еді. Әттең тұрған жері қазақтың іші болғандықтан ұлылығы көрінбеді, қадірі азырақ білінді» дейді.

Дулат ағамыз да қазақтың мықты жазушысы. Бірақ, қазақтың арасында жасағандықтан қадірі азырақ білініп тұр. Неліктен? Өйткені, жапонның «тойотасын» айттық, «сониін», компьютерін айттық. Жапондық сапа, жапондық іс дейтін ұғым бар. Дүниеде жапондар жасаған өнім жайында «бұл керемет, сапалы» деген түсінік қалыптасқан.

Сондықтан, жапон болғандықтан да Муракамиді мықты жазушы деп таниды.

Егер қазақтар да мықты бір компьютердің түрін ойлап тапса, не бір автокөліктерді жасайтын болса, онда бізге де қатысты осындай бір түсініктер қалыптасар еді.

Қазақ ісі, қазақы сапа деген ұғым пайда болар еді. Сонда бұл сапаның басқа да салаларға септігі тиер еді. Сонда барып Дулат ағамыздың аты әлемге жайылар еді.

Ал енді біреулер айтады: «Технократтық болмасақ та дүниеден құрып кетпейміз» деп. Бұл да рас. Құрымаймыз.

Бірақ дүниеде елдің екі түрі болады. Жетекке жүретін ел және жетектейтін ел. Мысалға, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония сияқты елдердің басты мақсаты керемет компьютерлерді шығару да, өзге елдердің мақсаты солар шығарған компьютерлерді сатып алу.

Қысқаша айтқанда олар өндіруші ел де, қалғанының барлығы солардың өнімін тұтынып, жетегінде жүретін елдер. Бұл дегеніміз экспансияның жаңа түрі.

Өкінішке орай біздің зиялы қауым осыны түсінбей отыр. Бұл қазаққа өте қауіпті нәрсе. Тағы да айтам. Қазақ қазақ болып қалу үшін ең алдымен технологиялық және технократтық жетістікке жету керек.

Мұндай жетістік болатын болса, жас баланың өзі мұны мақтаныш тұтатын болады.

Өйткені іс сөзді бастайды. Қазір қазаққа ең керек нәрсе технократтық көзқарас, технологиялық жаңалық және осының барлығын Абаймен, ұлттық бағыттағы тәлім-тәрбиемен ұштастыру. Мұндайдың мүмкін екенін әлемдегі озық ойлы елдер дәлелдеп берді.

Мысалға Кореяны, Малазияны, Жапониядай елдерді алып қарайық. Бұлар қанша жерден мықты компьютер жасаса да, өздерінің ұлттық салт-санасын алтын құсап сақтап, дамытып отыр.

Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ, ғалым

Дереккөз: newsasia.kz