Спорт

Болгар бапкерін байытып болдық па?

Қазақстан құрамасы Ұлттар Лигасының топтық кезеңін сәтсіз аяқтады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

 

Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар Лигасының топтық кезеңін сәтсіз аяқтады. D тобында Грузия, Латвия және Андоррамен жолдама үшін таласқан Станимир Стоиловтың командасы екінші орынға табан тіреді.

Грузияға екі ойында есе жіберіп, Латвиямен болған екі матчта тең түскен, сырт алаңда Андорраға күші жетпей, тек Астанада жеңіске жеткен біздің құраманың қоржынына 6 ұпай ғана жиналды.

Ұлттық құраманың тізгініндегі алғашқы үш ойынның екеуінде сенімді жеңіске жетіп, жанкүйерлердің жүрегіне үміт отын жаққан Станимир Стоиловтың командасы тағы да сәтсіз өнер көрсетті. 

Тізгінінде бапкер тұрақтамайтын біздің құраманы болгар маманы өз қолына алғанда бұл мәселе ұзаққа дейін үнсіз жатады деген ой болған. Алайда жыл өтпей жатып жанкүйерлер қарасы екіге бөлінді. Бірі Стоиловқа мүмкіндік беру қажет десе, енді біреулер болгар бапкерінен күтеріміз аз дейді. 

Бұған дейін Ұлттық құраманы баптаған ресейлік жаттықтырушы Александр Бородюктің жарытпағаны белгілі. Алайда ол тізгіндеген бір жарым жылда қалтасын 5 жарым миллион АҚШ долларына қалыңдатқан екен. Әрине, бұның бәрі нақты сандар емес. Ұлттық құраманы тізгіндеп отырған Станимир Стоиловтың айлығы 160 мың АҚШ долларының шамасында екен. Бұл дегеніміз жылына болгар бапкері шамалап айтқанда 2 миллион АҚШ доллары табыс түсіреді. Дегенмен бұл 100 пайыз рас ақпарат дей алмаймыз. Бірақ...

Иә, біреудің пайдасын қазбалап, қалтасына қарағымыз келмейді. Алайда бұл ақша - сіз бен біздің төлеп жатқан салығымыздан сызылып алынбай ма? Салыстырмалы түрде қара халық айына орташа есеппен 150 мың теңге алады екен. Алайда мұның да асыра сілтеп айтылғанын жақсы білеміз. Қаладан шеткей ауылдарда қара наны мен суына 30-40 мың теңгесін жеткізу үшін күн-түн демей еңбек етеді. Ал біздер...

Біздікі болгар бапкерінің алған айлығына лайық нәтижесін көрсетсе екен деген тілек қана!

P.S. Сөз соңында назарларыңызға қызықты мәліметті ұсынбақшымыз.

Станимир Стоиловтың жалақысы:

Жылына - 725 760 000 теңге;

Айына - 60 480 000 теңге;

Аптасына - 15 120 000 теңге;

Күніне - 2 160 000 теңге;

Сағатына - 90 000 теңге;

Минутына - 1500 теңге;

Секундына - 25 теңге.

Дереккөз:alaman.kz