Bugin

Қазақстанда шетелден көлік әкелуге тыйым салынды

2 жылға дейін шектеу қойылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов шетелден автокөлік әкелуге, шетелдік трансформатор мен кабельді сатып алуға шектеу қойылатынын айтты.

Вице-министр ЕАЭО аясында "ұлттық режимнен шығару" деген түсінік енгізілгенін, осының аясында кейбір тауарларды еліміздің аумағына кіргізуге шектеу қойылатынын жеткізді.

 - Өткен аптада "ұлттық режимнен шығару" деген үкімет қаулысы қабылданды. Құжаттағы тізімге автомобиль, трансформатор, кабель кірді. 3 қауымдастықтан осы 3 өнімді "ұлттық режимнен шығару" туралы ұсыныс жасады. Қаулы аясында 2 жыл бойы мемлекеттік сатып алуда тек отандық өнімдер алынуы қажет, - деді Аманияз Ержанов үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясынан соң.

Оның пікірінше, аталған шара осы салада жұмыс істейтін отандық кәсіпорындардың дамуына ықпал етеді.

- Бүгін кабель өнімін шығару 80%-ке өсті. Қарағанды, Павлодар, Атыраудағы кәсіпорындар талшықты-оптикалық кабель жүргізуге қажетті өнімді шығара алады. Бұл өнімді "Қазақтелеком" компаниясы пайдаланып жатыр. Ал осыған дейін импорттық өнімдер және трансформаторлар, автомобильдер шетелден сатып алынып келді, - дейді вице-министр.

Сонымен қатар Аманияз Ержанов елімізде Ravon, KIA, SsangYong көліктері құрастырылатынын атап өтті. Ол шетелден автокөлік әкелуді шектеу еліміздегі көлік нарығындағы бағаларға әсер етпейтінін айтты.

- Автокөліктің бағасы арзандамайды. Себебі, кез келген өнімді шығару кезінде шығын болады. Мысалы, автобөлшектер, шикізаттардың өз бағасы бар. Өнімнің бағасы шығынның есебінен құралады, - деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, баға өндіріс елімізде болғанда, бөлшектердің 50%-і Қазақстанда жасалғанда төмендеуі мүмкін. Оған 3-5 жыл уақыт керек.

- Оның өзінде бұл қаржыландыру көзіне және мемлекеттің өндіріске қандай жағдай жасайтынына байланысты, - деп түйіндеді вице-министр.