Саясат

Әлемді толғандырып отырған мәселе: Путин кеткен соң, не болмақ?

Қолына бүкіл билікті жинап, мықты диктаторлық жүйе құра білген Путиннің қашан биліктен кететіні бәріне қызық

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Путиннің президенттің мандаты 2024 жылы бітетіні белгілі. Бұған шамамен әлі төрт жарым жылдай бар. Алайда әлем саясаткерлері қазірдің өзінде Путиннен кейін Ресейдің жағдайы қалай болатындығына бас қатыра бастады.

Оның үстіне, Ресейдің өз ішінде де билікке қарсы толқулар етек алды. Мұның арты не болатынын ешкім де болжай алмай отыр.

Сондықтан да бүкіл әлем бүкіл әлем Ресейде не болады деп қызығып, көз тігіп отыр. Оның ішінде Қазақстан да бар. Өйткені солтүстікте жатқан алып көршінің саяси жүйесі өзгерсе, диктаторлық Орталық Азияның да жүйесіне сызат түсетіні анық.

«Путиннен кейін Ресейдің жағдайы қалай болмақ?» сол сауалға жауап іздеп көрген Сербияның «Политика» басылымы келесідей дүниелерге назар аудару керектігін атап өтеді. Соны назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Ең алдымен басылым Борис Ельциннен кейін билікті бейбіт түрде қолына алған Путиннің 20 жыл бойы бүкіл әлемді аяқтан тік тұрғызып, «ыңғайсыз», «бүлікшіл» саясат жүргізетінін ешкім де болжап білмегенін айтады. Әсіресе, Еуразия кеңістігі үшін «зардабы көп болды».

Ал Ресейдің өзінде жиырма жылдың ішінде біршама өзгеріс, алға жылжу байқалғанымен, басылымның хабарлауынша, Ресейде қарапайым халықтың өмір сүруі әлі де қиын жағдайда қалып отыр. Елдегі әрбір төрт баланың біреуі аш-жалаңаш. Оның үстіне, елдің экономикалық өсімі де жыл сайын төмендеп барады. 2008-2009 жылдары болған экономикалық рецессия мен 2014-2017 жылдары болған валюталық дағдарыс Ресейді кәдімгідей тұралатып тастады.

Ал зейнет жасын 60-тан 65-ке дейін көтерген орыс билігінің қазір ел алдында мүлдем абыройы қалмады.

Әрине, мұның барлығы Путиннің биліктен кетуіне себеп болады деп дөп басып айтуға болмады. Бірақ әсер етуі мүмкін.

Егер Путин Конституцияны басшылыққа алып, биліктен кетудің, ығысудың, жайлы түрде жылжудың амалын іздей бастаса, онда бұл оның жақтастарына да (бүкіл орыс билігі Путиннің былығына батқандар ғой), әлем саясатының өкілдеріне де қиындау болары анық. Себебі «Путиннен кейін Ресейдегі билік кімнің қолында қалады? Ол қандай адам болмақ? Қандай саясат жүргізеді?» деген сауалдар кімнің болсын көкейіне күш түсіретіні айқын.

Оның үстіне, бұлыңғыр, болжап білуге келмейтін сәттер көп. Мәселен, Путин кеткен күннің өзінде, ол билікке қандай ізбасарын, «шәкіртін» қалдыруы мүмкін деген сауалға мүлдем жауап жоқ. Әзірше, Дмитрий Медведевтің ғана есімі аталып жүр. Одан бөлек, Сергей Шойгу (қорғаныс министрі), Сергей Собянин (Мәскеу әкімі), Валентина Матвиенко (Федерация кеңесінің төрағасы), Алексей Дюмин (президент қауіпсіздігіне жауап беретін адам) болуы мүмкін деген де болжам бар. Қалай десек те, Кремль барынша бұғып, бәрін жасырып, ешқандай белгі бермей отыр.

Ал бүкіл әлемде жоқ мықты диктаторлық жүйе құра білген Путиннің дәурені қашан аяқталады деген сауал дүниежүзін толғандырып отыр.

Екіншіден, аталмыш басылым Путиннен кейін Ресейде не болса да, әлемнің ешқандай жұртшылығы бұл елдің хаосқа айналып, экономикалық дағдарысқа батқанын, не болмаса қандай да әскери қақтығыстардың табанында қалғанын қаламайтындығын айтады. Өйткені мұның соңы қандай зардаптарға әкеп соғатынын ешкім де болжай алмайды. Тіпті, Еуропа елдері тұрмақ, Ресейдің басты қарсыласы АҚШ-қа да зардаптары тиіп кетуі мүмкін.

- Егер Ресейдегі билік ауысатын болса, бұрынғы кеңес елдері де үлкен реакция танытатыны анық. Өйткені дәл Путиннің арқасында ғана орыс билігі аталмыш аймаққа сөзін өткізіп отыр, - деп атап өтеді басылым.