Саясат

Дариға Назарбаева: Қазақстандағы білім басқармаларын жауып тастау керек

Сонымен қатар мұғалімдерге қатысты пікір білдірді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бүкіл Қазақстан бойынша білім басқармаларын жауып тастауға қатысты ұсыныс білдірді. 

«Қазір мектептер жан басына қаржыландыруға көшіп жатқандықтан, енді аталған ұйымдар қажет болмайды. Бұл әрбір мектепке өз қорын жасауға мүмкіндік береді, онда демеушілер немесе донорлардың бюджеттен тыс қаражаты жиналады», - деді Дариға Назарбаева.

Оның айтуынша, мұндай жүйе кезінде облыстық, аудандық және қалалық білім басқармалары қажет болмайды. Бұл өзекті мәселе, себебі мектепке бөлінген қаржыны осы ұйымдар ұзақ уақыт ұстап отырады, бүгін бере ме, ертең бере ме – өз қалауы.

«Мектептің ақшасын үнемдеп, оқулықтарды немесе жөндеу жұмыстарын жете қаржыландырмайды. Содан кейін: "Ештеңе етпейді, ата-аналарға айтып, ақша жинайсыздар", — дейді. Ол жақта көптеген заң бұзушылық болып жатыр, сондықтан бұл ұйымдар жалпы қаншалықты қажет деген мәселе тұр. Мен оларды жауып тастағанын қалар едім, әрі осыған байланысты қазірдің өзінде жақсы халықаралық тәжірибе бар", — деді қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева.

Дариға Назарбаеваның пікірінше, бұл Білім және ғылым министрлігіне стандарттар мен ережелерді әзірлеу кезінде бүкіл оқу үдерісін тікелей бақылауға жағдай жасайды.

Ол қоғамда талқыланып жатқан мұғалімдер мәртебесі туралы заңға қатысты пікір де білдірді. Депутат бұл ретте мұғалімдердің жалақысын көтеріп, басқа да әлеуметтік жеңілдіктер жасау өзекті деп санайды.

Дариға Назарбаеваның айтуынша, қазақстандықтар мұғалімдерге деген көзқарасын өзгертуі керек.

"Ата-аналардың мұғалімдерге деген көзқарасын өзгертуіміз керек, өйткені ата-аналар мәселенің мәнісіне жетпей жатып, мұғалімдермен ұрсыса кететін болған. Біздің барлық ақпараттық машинамызды мұғалімдердің пайдасына икемдеуге тиіспіз. Егер педагогтар болмаса, ертең біздің балаларымызды кім оқытады", — деп сұрақ тастады Дариға Назарбаева.

Сонымен қатар, сенатор журналистердің мұғалімдерге шын ниетпен сыйлық жасауға бола ма деген сұрағына пікір білдірді.

"Мұғалімдер мен дәрігерлерге болады, министрлерге болмайды", — деп түйіндеді ол сыйлық тақырыбын.

Білім және ғылым министрлігі Қазақстан президентінің тапсырмасымен педагог мәртебесі туралы заң жобасын әзірлеп жатыр.