Weekend

Хайыржан Бекхожин – қазақ баспасөзінің ақиығы

Журналистиканың тұңғыш профессоры

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Хайыржан Нұрғожаұлы Бекхожин – отандық журналистика ғылымы мен білімінің ірге тасын қалаушы, көрнекті қазақ журналистерінің бірі. 

Журналистік қызметті 1929 жылы жас тілші болып бастап, ауылдық тілші, облыстық газет тілшісіне дейін өседі. Комсомол қатарында жүріп барлық шаруашылық-саяси бастамаларға белсене араласып, өкіл, үгітші және насихатшы болды.

1942 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетін бітіріп, Ұлы Отан соғысы аяқталғанға  дейін Қостанай облыстық «Большевиктік жол» газетінің редакторы қызметін атқарады. Газет бетінде Х.Бекхожин еңбекші қауымды «Кәсіпорындарда жарыс қарқыны қыздырылсын», «Астық тапсыру жүргізілуде», «Мал шаруашылығына мұқият басшылық болсын» мақалалары арқылы ауыл шаруашылығын көтеруге шақырды.

Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін 1945-47 жылдары аралығында өзі тамамдаған Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне келіп аға оқытушылықтан декандық қызметке дейін көтеріліп, 1948 жылы журналистика кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалады.

Х.Н.Бекхожин – ұлттық баспасөзіміздің тарихы бойынша тұңғыш кандидаттық және докторлық диссертациялар жазды. Докторлық диссертациясын 1964 жылы жарық көрген «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» атты монографиясы бойынша даярлап, ғылыми баяндама түрінде қорғаған. Автор бұл монографияда XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында қазақ топырағында пайда болған газет-журналдардың идеялық мазмұнын зерттеп, қазақ баспасөзінің даму кезеңдерін ғылыми тұрғыдан бағалады. Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде қазақ ағартушыларының ұлттық публицистика мен баспасөздің негізін салу жөніндегі қызметі, қазақ баспасөзінің прогресшіл бағыты, кертартпалыққа қарсы күресте дамыған және оны қазақ ағартушыларының демократиялық дәстүрлері жалғастырып келгені сөз болады. Екінші бөлімде қазақ баспасөзінің жиырмасыншы жылдардағы жұмысына талдау жасалып, халық шаруашылығын қалпына келтіру, ауыл шаруашылығын ұжымдастыруға әзірлік дәуірінде қазақ баспасөзінің қандай рөл атқарғандығы баяндалған. Аталмыш еңбек туралы 1964 жылы баспасөз зерттеушілері профессорлар Б.Кенжебаев пен Т.Қожакеевтің «Игі қадам», Ғ.Оспанов, Қ.Ғабдешов «Бағалы зерттеу», К.Аханов «Баспасөздің тарихы жайлы еңбек» және т.б мақалалар жарық көреді. Оның жазған публицистикалық мақалалары сол кезеңнің саяси жағдайымен тікелей байланысты.

Мысалы, өзінің «Шегіртке өршіп барады» деген проблемалық мақаласында Шынтас ауыл кеңесінің егістік жерлерінде шегірткенің көбейіп отырғандығын айта келіп, «Жаңа тілек», «Жаңа екпін» колхозшыларынан зиянды жәндіктермен күресетін бригада құрылып, алғашқы кезде олар екпінді кірісе алмай, шегірткені өршітіп алғандығы сөз болады. Егін шаруашылығында кездесіп отырған проблеманы журналист баспасөз бетінде көтере отырып, оны шешудің жолдарын да қарастырған.   

Сондай-ақ, «Ала көлеңке» очеркі ауыл өмірінің тағы бір келеңсіз көріністерін көз алдыңызға келтіреді. Қыстың аяғында ауылдағы мәдениет үйінің есігінің алдына жиналған жұрттың жиналысқа кіру үшін үш сағат бойы сарыла күтіп тұрғанын суреттейді. Мысалы: «Тонын сүйреткен қара жігіт жарық қақпадағы тілжік кісенді алып кеп қалғанда тура «жұмақтың» есігі ашылғандай болды. Бірімізден біріміз ұстай-мұстай кірдік те келдік. Қанша айтқанмен төбесі жабық қуыс үй, даладан гөрі жылы болды»,- деп автор көптің зарыға күткен көңілін сипаттайды. Очеркте «тілжік кісен», «жалаң бас шам» деген сияқты сөздер теңеу ретінде тіл мен стильдік құралдарды атқарып тұр.

Автордың «Көрмес түйені де көрмес» атты жолсапар очеркінде Шығыс Қазақстан облысындағы театр үйі суреттеледі.

«Көрмес түйені де көрмес» дегендей, облоно басшылары өз міндетін көрмегенімен, біздің көрмеуімізге болмайды. Жуырда театрдың Құрбанов деген бір үйрететін мамны кетіп қалыпты. Оның себебі ат айналғысыз бүкіл Семейден соған бір пәтер табылмапты»,-дей келіп, Қ.Бекхожин театр қызметкерлерінің тұратын үйлерінің жағдайсыз, жұпыны екендігіне тоқталады.

 «Ал, енді, облысқа театр керек пе, жоқ па деген мәселеге келгенде, облоно не айтатынын өзі біледі бірақ бүкіл жұртшылықтың «керек» дейтіні сүттен ақ. Олай болса, құр керектің керегі жоқ, театрды тұрмыс, жабдық, қаражат жағынан тілеген уақытта дайын болатын сақадай сай театр жасауымыз керек» деп ой түйіндейді автор очерктің соңында.

Х.Н.Бекхожиннің XIX ғасырдың басында жарық көрген тұңғыш журнал «Айқап» туралы жазылған зерттеу еңбегі – кеңес дәуіріндегі ғылымға қосылған үлкен жетістіктерінің бірі.

Журналистиканың тұңғыш профессоры Х.Н.Бекхожин туралы кітап – университет басшылығы мақұлдаған «Өнегелі өмір» сериясымен жарыққа шығарған екінші басылым екендігін ұмытпаған абзал.

  Хайыржан Бекхожин қазақ журналистикасындағы бірнеше ұрпақты қалыптастырды. Бүгінгі журналистика факультетінің студенттері оның кітаптарын оқып, өз біліктіліктерін арттыруда. Оқытушыдан дәріс алған шәкірттер қауымы оның ғаламдық бейнесін қадір тұтып, ерекше бағалайды. ҚазҰУ-нің журналистика факультетінде профессор Қ.Бекхожин атындағы дәрісхана бар. Онда жыл сайын болашақ журналистерге дәрістер жүргізіліп, өмірге қанаттандырып жатыр. Ұстаз шәкірттерімен қадірлі! Міне, ұстаз осымен бақытты!