Саясат

Абзал Құспан, адвокат: Айтарын айтты, енді заң алдында жауап берсін

5 қыркүйек Ләйлә Сұлтанқызы, Бибігүл Дәулетбекқызы мен Нұрболхан Шараповтың соты өтеді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгінде көгілдір экран алдынан  түрлі бағдарламаларды көзіміз шалады. Бұлардың көпшілігі қоғамдағы өзекті мәселелерді сарапқа салып, талқылайды. Бағдарламалардың бірі адамға қажетті ой салса, енді бірі адамның ойын түбегейлі өзгертуге себепші. Бүгінде балалар мен жасөспірімдер – интернетке бейім теледидардың ең белсенді көрермендері. Әрине, теледидардан көрсетілетін түрлі шоулар мен бағдарламалар адамды белгілі бір деңгейде тәрбиелейді немесе керісінше тәрбиесіне кері әсерін тигізетіні анық. Иә, сондықтан мұның оң әсерімен қатар теріс әсері де болатыны айтпаса да белгілі.  Қазіргі таңда теледидар мен түрлі әлеуметтік желілер қоғамның ажырамас бөлшегіне айналды. Ал сіз бен біз теледидардан көрсетілетін түрлі бағдарламаларға қаншалықты мән беріп жүрміз? Көпшіліктің бүйрегі қай арнаға, қай бағдарламаға бұрады? Дегенмен, пайдалы не пайдасыз ақпаратты қабылдау – әр адамның таңдауы.

Соңғы уақытта қарапайым халық пен қоғам белсенділерінің назары «Өз ойым» бағдарламасына  ауып отыр. Дүйім жұрттың  қитығына тиіп, титықтап отырған бұл бағдарламадағы негізгі мәселе– қазақ қызының арының тапталуы. Қазақ қашан да «қызын қырық үйден тыйған» халық. Сол себепті  ұлды әкесі тәрбиелесе, қыз баласының тәрбиесіне ел-жұрт болып мән берген. Жалпы, «Жетінші арнадағы»  Ләйлә Сұлтанқызы жүргізетін «Өз ойым» ток-шоуы ел арасында қоғамдағы түрлі мәселелерді көтеретін бағдарлама ретінде танылды. Бұл бағдарламаның  да өз көрермендері  болды. Дегенмен аталмыш ток-шоудың «Қыздық перде қызықтыра ма?» деген шығарылымы, соның ішінде пәктігі туралы ашық әңгіме жүргізіп, төрткүл халықтың алдында абыройын саудаға салған  қарапайым қазақ қызының ісі көпшіліктің ашуына тиді. Жұрт  осындай мәселені көтерген ток-шоудың ұйымдастырушылары мен  жүргізушілерін жерден алып, жерге салды. Ал эфирге келген қазақ қызының ісін жастықпен жасалған қателік деп бағалады. Қазақ қызының намысы аяққа тапталып, ар-ұятына нұқсан келді деп халық әлі де шуласып жатыр.  Қоғам белсенділері де бағдарламаның бұл шығарылымы тым шектен шыққандық деп ток-шоудың жабылуын талап етті. Қоғам белсенділерінің арасында, елмен бірге атсалысқан белгілі журналист Бибігүл Дәулетбекқызы мен танымал әзілкеш Нұрболхан Шарапов та болды. Олар қазақ қызының мәселесін барынша көтеріп, түрлі жазбалар жариялады.

Бірнеше күн бойы ел де, БАҚ-та Ләйлә Сұлтанқызы Бибігүл Дәулетбекқызы мен Нұрболхан Шараповты сотқа берді деп шуласып жатыр. Көпшіліктің таңдауы екіге бөлінген. Бірі Сұлтанқызының пікірін жақтаса, бірі Бибігүл Дәулетбекқызы мен Нұрболхан Шараповтың тарабын қос қолдап қолдап отыр.

Ләйлә Сұлтанқызы белгілі журналист пен әзілкешті неліктен сотқа берді?

Ләйлә Сұлтанқызы қыздың ар-намысы-халқының ар-намысы,ақ матадай ұяты деп шырылдап журген Бибігүл Дәулетбекқызы мен Нұрболхан Шараповты өзіне жала жапты және жеке басына нұқсан келтірді деген заңды негізге ала отырып сотқа беріп жатыр. Тележүргізушінің құқыққорғаушылары да Конституцияның 17-бабына сәйкес адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Жеке адамның қадір-қасиеті жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын іс-әрекеттер үшін жауапкершілікті көздейтін Қылмыстық кодекстің нормаларымен қорғалады. Олардың арасында жала жабу және адамды қорлау. Егер адамның "пікірі" болса, онда ол басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын шеңберден шықпауы тиіс деген мәлімдеме жасайды.

Алдымен Бибігүл Дәулетбекқызының инстаграм парақшасында жариялаған жазбаларына мән берейік.

«Е, Алла, осындай абыройсыздықтан сақтаңыз мені!

Қарапайым Халықтың қаһарынан азап жоқ шығар бұл дүниеде...

Неше күннен бері елді шулатып жатқан бағдарламаларды Халық "жабылсын" деп жатыр. 

Рейтингтің құлы болғандар Қазақтарды жексұрын жасау саясатын мықтап қолға алған екен. Транс, көгілдір, лесби, жезөкшелер мен шешінгендерді шығарып жүргендері аздай, енді қазақ қызының әуретті жерлерін аукционға салғанын, көгілдір экраннан көзіңді бақырайтып көрсетуде. Ұятты жиып қойғандары баяғыда ғой. Мынауысы енді шектен шығу! Осындай бағдарламаны көрген өзге ұлт: "Е, мына елдің қыздары көрінгенге етегін аша береді екен ғой" дейді емес пе?!

Мына екі жүргізушіні экраннан аластатып, азғындалған шоу-бағдарламасын жабуға МЕН де елмен бірге қолдаймын!

"Ұятты жерін сатамын" деген қазақ қызды ашықтан-ашық көрсеткені үшін, бүкіл Қазақ xалқынан кешірім сұрасын!!!»

«Сөзім жоқ! 

Біз қытайдан, жанымыздағы орыс пен америкалықтардан қорықпайық, ағайын, біз мынадай экранның бетінде жүрген намыссыздардан қорқуымыз керек! Мен бұл бағдарламаны көрген емеспін! Көрмеймін де...Бірақ, ауылдағы соңымнан ерген іні-сіңлілерімді аяймын. Ашынған xалықтың қаһарынан жаман нәрсе жоғын өздеріңіз жақсы білесіздер. 

Марат Омаровты жерге ұрдым деп, мынабір жүргізушісымақ мысқылдап қояды тағы(өзі санап отыр қанша әні барын).

Сол (атын білмеймін, білгім де келмейді) жүргізушісымақ пен жанындағы ешкімге сөз бергісі келмейтін әйелге айтарым:

Түсіңдер жерге! Өздеріңді кереметпін деп отырсыңдар-ау шамасы). Күлкімді келтірмеңдер! Сендердің арсыз шоуларыңа Халық қарғыс жаудыруда. Ал Марат ағамыз баяғыда Халықтың өз алғысын алып қойған. Сен екеуің Марат Омаровты масқаралай алмайсыңдар. Себебі сендердің жасаған бағдарламаң - өте лас, кір, жиіркенішті! 

Анау да әбден жардай болып семірген екен. Эфирде әйел секілді сөз таластырғанша, спортпен айналыспай ма!

Ал осында отырған, кеудесінде намысы бар әр Қазаққа айтарым: "Өз ойым", "Қалаулым" жабылсын десеңіздер, үйдегі пультті басқа арнаға аударыңыздар. Әйтпесе, бір оқырман Ана жазбақшы (скрині тұр, қарасаңыздар болады) балаңыздың болашағына балта шабасыздар. Қазірден бастап мұндай бағдарламаны көрген бала – болашағы бұлыңғыр, әлжуас болып өседі. Олар да ертеңгі күні " Е, мына апайлардың өмірі жақсы екен ғой. Сататын жерімізді сатайық", әлде, "гей, транс, лесби болсақ, xайп жинайды екенбіз", болмаса "шоуға шығып, шаш жұлыссақ танымалдығымыз артады екен ғой" деген дүдамал ойда болып, одан кейін дүбара бала болады. Сізге керек пе сол?!

Ойланыңыз!

Қайталап айтамын, бұл бағдарлама - елімізге жасалынған қастандық! Түркияның өзі эфирден шығармай, алынып тасталынған "Қалаулымды" қашан қолға аласыз Маулен Ашимбаев мырза?! Тоқтатыңыз мына сұмдықты! 

Жастардың санасын уламасын! Инстаграмда әріптестерім де "жабылсын" деп жатыр. 

Тазалық - көгілдір экраннан басталу керек. Күннен-күнге көгілдір экранның беті ластанып, көгеріп барады. Осыны қолға алсаңыз, миллиондаған xалықтың алғысын аласыз! Бұл менің ғана емес, кеудесінде намысы бар әр Қазағымның жанайқайы!

видео @nurbolkhan алынды. Осы жігітке ырза болдым!» деп белгілі журналист сәуір айында жазба қалдырған.

Бибігүл Дәулетбекқызының адвокаты Айман Омарова өзінің фейсбук парақшасында тележүргізушіге жала жабылмағандығын алға тартады.

«Ләйле Сұлтанқызына  жала жабылған жоқ, ол бағдарламаға пәктігін сатуға дайын қызды шақырып, қазақ қызы мен әйелін жағымсыз образда көрсеткені үшін адамдар пікірі мен наразылығын білдірді. Бұл жағдай көптеген шетелдік БАҚ-да біздің қыздарымызды жақсы жағынан көрсетпеді», - деп жазды Айман Омарова.

Ал Ләйлә Сұлтанқызы өзінің инстаграм парақшасында кінәлілер заң алдында жауап береді деп жазба қалдырған.

«Құрметті оқырмандар! Сіздермен біраздан бері жиналған, сұрауы көп, жауабы болмаған ақпаратпен бөліскім келеді. Әрқайсыларыңыз жеке тұлғасыздар. Қызметте жүргендер, өнерде, өмірде...кім болсаңыз да бастысы бір нәрсені ұмытпаңыз. Әр адам өз ҚҰҚЫҒЫН білу керек, ҚОРҒАУ керек. Өміріңізге қатысты балағат, ауыр сөз айтып, жеке басыңызға өзге адам қол сұққанда, көбіне үнсіз қалып жататындарыңызды да білем. Бірақ көбіне әр істің де, сөздің де сұрауы бар екенін, сұратуға ЗАҢ бар екенін ескермейміз. Бұл жайлы елбасы да айтты, қалың жұрт та жақсы біледі.


Менің белгілі бір тұлғаларға қатысты шағымданғаным рас. Осы уақытқа дейін кейбір адамдар шындықтың түбіне жетпей жатып, асыра сілтеп, жарыса сөйлегендер саралаусыз балағаттап, қаралап, қарғап жатты.

Қандай бағдарлама жүргізсем де, оған қатысқан адамдардың жеке пікіріне байланысты, жалпы бағдарлама жайлы кез келгеннің ой қосуына, пікір білдіруіне, наразы болуына ҚҰҚЫҒЫ БАР! Кімді қолдайсыз, кімді қолдамайсыз ол да сіздің өз еркіңіз, ҚҰҚЫҒЫҢЫЗ! 
Бірақ, менің жеке басыма өтіп, адамның ар-ұжданына тиіп, намысын табалауына ешкімнің ҚҰҚЫҒЫ ЖОҚ! Сол себепті, ендігі кезек сот процессінде. Келесі постта адвокаттарымның ресми жауабымен бөлісемін...
@abzalkuspan сізгерақмет!», - дейді белгілі тележүргізуші.

Мән-жайдың анығын білу үшін Бибігүл Дәулетбекқызы мен Нұрболхан Шараповқа байланысқа шыққан болатынбыз. Дегенмен тек танымал әзілкештің жауабын ғана ала алдық. Ол барлық сұраққа сот шешімі біткен соң жауап беретінін айтты.

Сөйтіп, Ләйлә Сұлтанқызы алғыс айтқан заңгер Абзал Құспанның да пікірін білуді жөн көрдік. Абзал Құспан елді шулатқан ток-шоуға қатысты өзініңойын жеткізді.

«Жалпы, өз ойым бағдарламасына деген көзқарасыма келетін болсақ, мен бұл бағдарламаға жалпылама баға бере алмаймын. Себебі мен өз ойым емес, жалпы қандай бағдарлама болмасын көруге, тиісінше баға беруге мүмкіндігім жоқ. Бағдарламаны құр көрмей, ел шулап жатқанға қосыла кететін әдетім жоқ. Кез келген мәселедегі  принциптік ұстанымым – осы. Қай уақытта да көзіммен көріп, қолыммен ұстап, бағамдап, пайымдап қана пікірімді айтамын. Бұл ток-шоудың бір ғана бағдарламасына қатыстым. Бұл кездегі шығарылымы маған өте қатты ұнады және жақсы жағынан көрінді. Себебіол кезде халыққа қаржы пирамидасы тақырыбында  өте пайдалы ақпарат берілді. Қазігі таңда халықтың көбісі желілік бизнеске, оның ішінде қаржылық пирамидаға қызығушылық танытады. Осы орайда мықты сарапшыларды және заңгер ретінде мені шақырып тақырыпты жан-жақты талқыға салдық. Екі сағатқа жуық отырдық. Мен басында апырым-ай екі сағат қалай отырады екенмін деп мазасызданғанмын. Ләйлә Сұлтанқызы қайта-қайта маған тікелей, қыздары арқылы да хабарласып, «менің бағдарламама бірде-бір рет қатыспадың» дегеннен кейін, ұят болмасын деп қатысуды жөн көрдім. Сол екі сағатты қалай өткіземін деп басында уайымдап отыр едім, дегенмен сол кезде уақыттың  қалай өткенін аңғармай қалдым. Қозғаған мәселе бір демде, өте қызықты өтті. Артынан маған көптеген журналистер телефон соқты. Қарапайым халық фейсбуктен ақыл-кеңесімді сұрап жатты. Сол кезде менің түсінгенім: халқымыздың көпшілігі  желілік бизнеске ақша салады екен. Біз халықта ақша жоқ, күнін әрең көріп отыр дейміз, ал олар, әсіресе жағдайы жоқ адамдар желілік бизнеске өте әуес екен. Құқықтық сауаттылығымыз өз алдына,  бұл қаржылық сауаттылығымыздың төмен екендігін көрсетеді. Осы жағдайдан соң біраз ой түйіп, өзім үшін қорытынды шығардым. Сондықтан мен өзім қатысқан бір бағдарламасына орай жақсы баға бере аламын. Ал енді қарындасымыздың шыққан бағдарламасы, әрине, өте жағымсыз. Оны мен өз көзіммен көргенім жоқ, бірақ фейсбукте жариялап жатқан кезде оқиғаның мән-жайын түсіндік. Ел-жұрттың барлығы жаппай талқылап жатқан соң не болғандығы, қандай бағытта болғандығы түсінікті болды. Ол өзім қатысқан желілік бизнеске қатысты бағдарламасына көңілім толса, бұл бағдарламасына керісінше қарным ашты. Бағдарламаға баға беру қиындау, сол себепті елу де елу десем болады.

Ләйлә Сұлтанқызы Бибігүл Дәулетбекқызы мен Нұрболханды сотқа беріп жатқандығына орай менің пікірім: бір бағдарламасы нашар шықты екен деп адамның жеке басына, ар-намысына тиісуге болмайды. Заңмен көзделген белгілі бір шек бар. Қазір көпшілік заңды қойшы деп қолды бір сермейтін болған. Әрине, құқықтық нигилизм деген – өте жағымсыз нәрсе. Мен бұрыннан барлық сұқбаттарымда айтып жүрмін: құқықтық нигилизм - қазақ емес  мемлекет үшін қауіпті нәрсе. Құқықтық нигилизм дегеніміз – адамдардың заңды менсінбеуі, мойындамауы, заңның орындалатынына сенімсіздігі мен құрметсіздігі. Бірақ сол заңның өзін былай қойғанда, Абайдың өзі айтпай ма «әр нәрсенің шегі бар, шегінен асса бу шығады» дейді. Мына жерде бүкіл ел жұрт сынап, мінеп жатты.  Оның барлығына біз қосыламыз. Мысалы, Арман Сқақұлы Ләйлә Сұлтанқызының жеке басына тиісіп, «қызың сондай болып кетсін» деген сөздерді қолданбай орынды пікір айтты. Ал мына екі кісі сол белгілі бір шектен  асып кетті. Оның үтір, нүктесін әрине сот қояды. Бірақ мен бастапқы кезде осы Ләйлә Сұлтанқызы Бибігүл Дәулетбекқызы мен Нұрболхан Шараповтың  жазған жазбаларын скриндеп жібергенде мен бірден бұл кісілердің жазғаны дұрыс емес екендігін айттым. Бұл адамдар шектен шығып кетті. Жай сынағаны үшін, мінегені үшін ешкім сотқа бере алмайды. Бірақ сотқа беретін жағдайлар да болады. Дәл қазір сөзбе-сөз менің есімде жоқ. Бірақ қызына, өздерінің жеке отбасына тиісіп жазған, Нұрболханның боқауыз-балағат сөздерін көріп, бұлардың сөз қадірін білетіндеріне, журналист екеніне күмән келтірдім. Бұлай шектен шығуға болмайды. Айтарын айтты, енді заң алдында жауап берсін. Бірақ мен Ләйлә Сұлтанқызының адвокаты емеспін. Дегенмен бұл кісі маған бастапқыда жолыққан кезде, мен құжаттарын көріп бергенмін. Дегенмен Ләйлә Сұлтанқызының адвокаты басқа. Сондықтан мен сынағанына ештеңе айта алмаймын. Біреу сынайды, біреу мақтайды, бірі қолдайды, бірі қолдамайды. Бірақ жеке басына, ар-намысына тиісу- заңмен қаралатын мәселе. Осындай артық сөздерді айтты ма, Қазақстанның азаматы ретінде сот алдында жауап берсін. Бұл - менің ұстанымым. Ал менің айтқандарым көпке ұнамайды. Дегенмен ұнасын, ұнамасын екі сөйлейтін жайым жоқ», - деп адвокат Абзал Құспан өзінің жеке пікірін білдірді.

Ендігі кезекте мәселенің ақ-қарасын сот шешеді. Сот отырысы 5 қыркүйекке белгіленген. Барлығы уақыт еншісінде.