Weekend

Мен қазақ қыздарына қайран қалам!

Қырық үйден тыйылмаған, қырық жамау көңіл ме бұл?!

 

 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ қызы – қырық үйден тыйымы, тоғыз түйме бұйымы, жеті қырлы қылығымен сұлулықтың символы саналған емес пе? Қашанда қыз тәрбиесіне ерек көңіл бөлген қазақ халқы, бүгінде қалпынан айнығаны қалай? Десек те, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ, қазақ аруының әлеуметтік желіге ұлттық әшекейлер тағынып, жалаңаш түскен фото-суретін салуы, қай қылығы, қай сасқаны?! Ал, Алматылық арудың айына бір миллион теңгеге арын сатқанын, қалай түсіндіруге болады, мүлдем ұқпаспын! Бұл індет бұлай жалғасатын болса, түбі не болары тек бір Тәңірге аян...

Жақында ғана, ғаламтор беттерін жаппай жаулаған 22 жастағы Алматылық Іңкәр есімді арудың сұхбаты, ел назарын өзіне аудармай қоймады. Жас арудың айтуы бойынша өзін-өзі уақытша әйел рөлін атқарушы (содержанка) деп бағалайды екен. Қазіргі уақытта, Іңкәрдің бірнеше ойнасы бар екенін де жасырмай айтып, әрқайсысы жас ару толыққанды өмір сүруі үшін айына бір миллион теңгеден беріп отырады. Мектепті аяқтаған жас ару ЖОО-на Заң факультетіне оқуға түседі. Оқып жүріп-ақ бірнеше жерде жұмыс жасаса да, ақша құрғыр еш жетпейді. Қарыздары да көбейе бастаған соң, жігітінен көмек сұрайды, көмектесуден қашқан жігітінен көңілі суып, ақыр соңы қыз байғұс арнайы сайтқа тіркеледі. Осылайша, жиырма жасар өрімдей ару өміріне балта шабады екен. Іңкәрдің айтуы бойынша, онымен көңіл серіктестік қылатын еркектер жағдайы бар бизнесмен, заңгер, банкир және ұшқыш, әскери адамдар. Алғашқы ақшасына Іңкәр өз жағдайын жасапты, қала орталығынан пәтер, автокөлік, үй және тағысын тағы. Жас ару жас болуына қарамай көп елді аралағанын, тіпті Дубайда болғанын және осы табысының арқасында жеке әлеуметтік жағдайын жақсартып алғандығы туралы мақтанып айтады. Сондағы қалыптасқан түсінік, «қазақ қызының ары» айына не бәрі бір миллион теңгеден, болып тұр. Қатал тағдыр кімді болса да сынауға дайын тұрады, тек сол сынақты жеңе білген адам ғана сүрінбей дегеніне жетеді. Қазіргі қоғамда қыздарымыздың сын-сынаққа тез сынуының әсері осы. «Неге? Қалай? Не үшін?», деген сұрақтар жанымды осы күндері қатты мазалайды. Қылығы бал қазақ аруы неге бұл жолды таңдады екен?! Бұл іске, бұл індетке көңілімнің қатты құлазиты тағы бар. Не дегенмен, мен қазақ қыздарына қайран қалам!

Ал, инстаграмм әлеуметтік желісін шулатқан «екінші Байзақова», «декреттегі Байзақованы уақытша орнын басушы» атағына ие болып үлгерген, қазақи ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарын тағынып алып, жалаңаш түскен фото-суретімен елдің назарын аударған аруымызға, тіпті әңгіме жоқ! Артынша, ұят туралы қақсап, өзінің бұл қылығымен ұялмайтындығын алға тартып, «мен емес шенеуніктер ұялсын», деген сөздері әлеуметтік желі қолданушыларының көптеген дау-дамайымен пікірталасына ие болды. Халқымызға да ризамын, бірі қолдайды, бірі даттайды!

Заманың түлкі болса, тазы боп шал, дейді. Ал, бұл індетке заман ба кінәлі, әлде қоғам ба? Білмей де қалдық-ау шамасы. «Ел айта берсін», «ұялмаған хайыптасын», «әркім өзі біледі, біз демократиялық елде өмір сүреміз» осы сынды сөздерді ұран қылып алған жастарымыздан не қайыр күтуге болады?! Еркіндік берді деп, тым артық кетудің де қажеті жоқ. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», деп бекер айтпаған атам қазақ. Қыздарымыз – қылықты, жігіттеріміз – сабырлы болсын. Қыздарымыз ибалы болса, ұрпағымыз иманды болады. Қыз тәрбиесіне жіті көңіл бөлейік, сонда ғана батыр елдің ұлы ұрпағы боп қалуымыз мүмкін!