Weekend

ҚазҰУ - еңселі білім ордасы

Авторлық мақала

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті болашаққа нық қадам бастырар саналы ғұмырдың бір айғағы іспетті. Қара шаңырақтың қоластына жиылған ізденушілердің талабын тауға қарай домалатар жағдайдың барлығы да жасалған. Әрине мұны ғажайып әлем десе де болар, ең бастысы талай бала кыранның қанатын ұштап, қияға самғатқан студенттер сарайы, тарихы теренде жатқан ҚазҰУ-ды бір сәтке көз алдына елестететін жеке мұражай, заман талабына сай жабдықталған үш жүз адамдық интернет орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар ұлттық университет көптеген игі бастамалар мен жобалардың ұйымдастырушысы. Студенттерге сапалы білім берумен қатар қазіргі студенттің болашақ бәсекеге қабілетті маман, қарымы күшті, жан-жақты, ұлтжанды саналы азамат  ретінде қалыптасуы үшін түрлі жобаларды іске қосуда. Соның бірі – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтановтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Айналаңды нұрландыр» жобасы.

 «Айналаңды нұрландыр» – қараңғы жерден жарық тауып, жарқын өмірге жол бастау деген сөз. Әр адам жеке тұлға дейтін болсақ, әркім өзінің өмірде жүктелген міндеттерін сауатты әрі тиянақты атқару керек. Жүрген жеріңді, ортаңды, өзің жасап отырған қоғамды жамандықтан тазартып, айналаңды нұрға бөлеп, адамдармен эстетикалық тұрғыда қарым-қатынас орнатып, олардың да осы бағытта жүруіне үгіт жасау. Бұл жобаның басты мақсаты да осы.

Сондай-ақ, «Green campus» халықаралық жобасы жүзеге асырылуда.  «Жасыл университет», яғни, Қазақ ұлттық университеті – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бағдарламаларды: көмірқышқыл газы көлемін азайту, қалдықтарды бөліп жинау, су мен электр энергиясын үнемдеп, экологиялық инфрақұрылымды, экологиялық сананы қалыптастырушы жоғарғы оқу орны болып табылады.

Тағы бір жобалардың бірі – «Тәні саудың – жаны сау» студенттердің қоршаған ортаны сақтай отырып салауатты өмір салтын ұстану, денсаулықтарын нығайту секілді өмір салттарын тұрақты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» атты студенттерді рухани, мәдени байытатын жоба туралы айтпай кетуге болмас. Бұл жоба университетте 2012 жылы бастау алды.  Бұл жобаның мақсаты өз елінің тарихын, мәдениетін, рухани құндылықтарын терең меңгерген, әлеуеті биік, мәдениеті жоғары, көзі ашық, көкірегі ояу маман қалыптастыру үшін жастарды кітап оқуға шақыру. Осы жобаны талқылау барысында ҚазҰУ ректоры, академик  Ғалым Мұтанов «Адам өмір бойы оқуы керек. Бұл алғашқы бастама. Бұл кітаптардың тізімі толыға бермек. Біздің мақсат – ҚазҰУ-ға оқуға келген жас студенттік жылдарында жүз кітапты оқып шығуы азаматтық борыш екендігін сезіндіру. Өзге жоғары оқу орындары студенттерінен ерекшеленетін басымдығы да осы болмақ. Осылайша, жастар арасында кітап оқуды сәнге айналдыру қажет»,- деп ойын сабақтады.

Соңғы жылдардағы менеджмент жүйесіне, оқу-тәрбие үдерісіне және ғылыми-зерттеуге енгізілген инновация­лар халықаралық рейтингіде секіріс жасауға мүмкіндік берді. Біздің университет 2013 жылы Орталық Азия және Қазақстан жоғары оқу орындары арасында бірінші болып QS World University Rankings халықаралық рейтингісіне еніп, дүние жүзіне мойындалған 800 университет арасында биылғы жылы 220-орынды бағындырып, түлектердің жүмысқа орналасуы бойынша «QS Graduate Employability» рейтингінде әлемнің 500 үздік университеті арасында 251-орынды иеленді. Оған қоса, «QS Stars Development Road map» халықаралық рейтингісінің «Төрт жұлдыз» үстемдік белгісін иеленген Қазақстан ЖОО-лары арасындағы бірінші және Орталық Азия аймағындағы жалғыз университет атанып отыр.

«Қазақстан-2050» Стратегиясында елбасымыз Н.Ә. Назарбаев білімге негізделген экономика құру мәселесіне зор көңіл аударады. Бұл үдерісте басты рөл университеттерге жүктеледі. Еліміздің инновациялық жүйесінде үштік тұтастық «университет-бизнес-мемлекет» құруда қазақстандық ЖОО-лар өзінің интеллектуалдық орнын анықтауы қажет және біздің елімізді дамудың жаңа сапалы деңгейіне бас­тайтын қабілетті жаңа рухани-интеллектуалды элитаны тәрбиелеуі керек. ҚазҰУ өзінің көп қырлы қызметін әлем­нің жетекші университеттерінің халық­аралық тәжірибесін негізге алады. Университет ұжымы жаңарудың белсенді субъектісі ретінде ұлттық зерттеу университетінің мәртебесін, сонымен бірге, дербес университетке айналдыруға байланысты жауапкершілікті қабылдауға дайын. Бұл оқу орнына экономикалық қатынасқа өздігінше қатысуға мүмкіндік беріп қана қоймай, ҚазҰУ-ға шетелдік стандартқа жақын келетін жағдайда қызмет етуге, өз кезегінде халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

 

Философия ғылымдарының докторы,

профессор Масалимова А.Р

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

«Мәдениеттану» мамандығының магистранты Даулетова Г.О