Спорт

Аспандияр Есенжолов: «Ақтөбелік классиктердің бәсі жоғары»

Күрес саласының сарапшысы 2018 жылды қорытындылап, жетістіктерге тоқталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

2018 жыл Ақтөбе облысының грек-рим күресі тарихындағы ең елеулі жыл болды

2018 жылды қорытындыламас бұрын, Азия және Еуропаның 11 мемлекетінен келген балуандардың қатысуымен Алматыда өткен "Болат Тұрлыханов Кубогі" турнирі жайында айта кетейік. Бұл турнир 2015 жылы Халықаралық күрес Федерациясының (UWW) ресми күнтізбесіне енген жалғыз турнир болып саналады. Турнирдің артықшылығы Олимпиада бағдарламасына енгізілген алты салмақ дәрежесі бойынша өтеді (60, 67, 77, 87, 97 және 130 кг). Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арналған жүлденің жалпы қоры 48 мың долларды құрайды.

Ақтөбе облысының балуандары 77 келіге дейінгі салмақта жалғыз жүлдеге иелік етті, қола жүлдені қанжығасына байлаған 23 жастағы Қазақстан Республикасының спорт шебері Жасұлан Маратов. Іріктеу кезеңінде ол бірнеше белдесу өткізді, оның бірінде бірнеше дүркін ел чемпионы және 2017 жылғы Азия чемпионы Асхат Ділмұхамедовтен мықты екендігін танытты. Жартылай финалда біздің балуан Әлем және Азия ойындарының чемпионы, Лондон Олимпиадасының жеңімпазы Оңтүстік Кореялық Ким Хью Вуға 4:1 есебімен жол беріп қойды. Ал қола жүлде үшін өткен белдесуде халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының жүлдегері шымкенттік Асхат Жаңбыровты ұтты.

 

Ескерте кететін тағы бір жайт, осы жылы еліміздегі грек-рим күресінен мықты балуандарды баулыған - Владимир Цеханович атындағы спорт мектебінің түлегі Жасұлан Маратов жергілікті балуандар арасында ел чемпионатында үздік нәтиже көрсетті. Олимпиада бағдарламасына енбеген 82 келіге дейінгі салмақтың финалында ол Азия чемпионы, 2015 жылғы Әлем чемпионатының жүлдегері елордалық Досжан Картиковқа есе жіберіп, күміс медаль иеленді.
Ит жылы табыс әкелді

 

Ақтөбе облысының грек-рим күресіндегі жетістіктері мен қорытындысын білу үшін біз осы спорт түрі бойынша сарапшы-маман Аспандияр Есенжоловпен әңгімелескен болатынбыз:

- Аяқталуға жақын 2018 жыл, күмәнсіз Ақтөбе облысы грек-рим күресінің дамуы жолында тарих беттеріне жазылды. Олай деуімізге себеп, облысымыздың жоғары деңгейлі балуаны Мейрмабек Айнағұлов төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын XVIII Жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасына шақыртылды. Облыстық күрес тарихында Мейрамбек атағы жағынан Олимпиада ойындарынан кейінгі кешенді халықаралық жарыста 1994 жылдан бері  күресуге мүмкіндік алған алғашқы балуан.Мейрамбек Айнағұловқа дейін Ақтөбенің жергілікті балуандарының ешқайсысы Азия ойындарында өнер көрсетуге мүмкіндік алмаған. Индонезия астанасы Джакартада Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері олимпиадалық 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге қол жеткізді. Азиадада ол тек қырғызстандық атақты балуан Каныбек Джолчубековтен ұтылды.

Айтпақшы, Азия ойындарындағы жүлде тек грек-рим күресі ғана емес, олимпиада бағдарласына енген еркін және әйелдер күресіндегі алғашқы медаль есебінде тіркелді.

Бұдан бөлек, Мейрамбек Айнағұлов  2018 жылы Азия чемпионатында және олимпиадалық салмаққа кірмейтін 63 келіге дейінгі салмақта әскерилер арасында өткен әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Қырғызстан астанасы Бішкек бозкілемінде финалға берілетін жартылай финалдық белдесуде бірнеше дүркін Азия чемпионы, Рио Олимпиадасының және Әлем чемпионатының қола жүлдегері өзбекстандық Елмұрат Тасмұратовтан жеңіліс тапты. Ресей астанасы Мәскеуде де жартылай финалда бозкілем иесі, Еуропа чемпионы және Лондон Олимиадасының қола жүлдегері Мингиян Семеновтың мықтылығын мойындауға мәжбүр болды.

Қосалқы құрам дайын болады

Классиктерге лайықты қосалқы құрам дайындау қалай болып жатыр? Талантты балуандар бар ма?

- Жасөспірімдер тобында (1998-2000 жылғы спортшылар) 2018 жылы халықаралық аренада үлкен жетістікке жеткен олимпиадалық резерв дайындайтын орталықтың спортшысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұқанбетжан Зарлықовтың шәкірті Тілек Әсембаевты атап өтеміз. Үндістан астанасы Нью Делиде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 63 келіге дейінгі салмақта қола жүлде иеленіп, "Грек-рим күресінен ҚР спорт шебері" нормативін орындады. Осы чемпионатта 77 келіде тағы бір ақтөбелік балуан Дәулет Жалғасов бағын сынап, жүлдеден тыс қалған болатын. Еске сала кететін жайт, соңғы үш жылда ақөтбелік классиктер Азия және Әлем чемпионттарына қатысып жүрген жоқ. Соңғы рет 2014 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Мейрамбек Айнағұлов қола жүлде жеңіп алды, - деп келтірді Аспандияр Есенжолов.

Өкінішке орай, ең кіші жастағы топта әлемдік күрес тарихындағы бірінші 2003-2004 жылғы кіші жасөспірімдер арасында Иранда өткен Азия чемионатына ақтөбелік балуандар іріктелмеді, сондай-ақ кадеттер арасындағы Азия чемпионатына да қатыспадық.

Хорватияда өткен кадеттер арасындағы Әлем чемпионатында Ақтөбе облысының намысын 2017 жылғы ел чемпионы Асылбек Жәнібекұлы қорғады. Өкінішке орай, 110 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ол іріктеу кезеңінің бірінші белдесуінде белоруссиялық балуанға есе жіберді.

Асылбек Жәнібекұлы 2018 жылы кадеттер арасында Қазақстан чемпионы атанып қана қоймай, Бүкілқазақстандық мектеп оқушылары мен колледждер қатысатын спартакиадада топ жарды. Азамат Құрман да екі жылда бір рет өтетін ҚР колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысатын спартакиадада жеңімпаз атанып, Асылбек Жәнібекұлының жетістігін қайталады.

Дереккөз: aktobetimes.kz